Оқушылардың көктемгі каникулда неше күн демалатыны белгілі болды
30 наурызда оқушылар мектепке қайта оралып, төртінші тоқсанды бастайды.
Қазақстандық оқушылар көктемгі каникулда 11 күн демалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдың 19-29 наурыз аралығында қазақстандық оқушылар 11 күн бойы көктемгі демалыста болады. Осы кезеңдегі бос уақытты мазмұнды өткізу мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені жүзеге асырылады, - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Ведомстводан мәлімдегендей, демалыстың әр күні «Наурызнама» онкүндігімен үйлесім тауып, отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге арналады.
Оқушылар «Таза Қазақстан» , «Еңбек адамы» және «Заң мен тәртіп» бағыттарындағы танымдық жобаларға қатысады, сондай-ақ дәстүрлі «Жер сағаты» акциясына атсалысып, азаматтық ұстанымдарын бекемдейді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр. Ата-аналармен бірлесе отырып жол қозғалысы, өрт қауіпсіздігі және киберкеңістіктегі сақтық шаралары бойынша кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, - дейді министрліктің баспасөз қызметі.
2026 жылғы көктемгі демалыс 19 наурыз бен 29 наурыз аралығында, барлығы 11 күнге созылады.
Демалыс алдындағы соңғы оқу күні – 18 наурыз. Ал 30 наурызда оқушылар мектепке қайта оралып, төртінші тоқсанды бастайды. Бұл үзіліс балаларға оқу жылының қорытынды кезеңі алдында күш жинап алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда оқу бағдарламасы төрт тоқсанға бөлінеді. Биыл үшінші тоқсан 10 аптаға созылды. Бекітілген күнтізбеге сәйкес, төртінші тоқсан шамамен 8 аптаға жалғасады және 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Одан кейін жазғы демалыс басталады.
Біз бұған дейін наурызда қазақстандықтар неше күн демалатыны жайында жазған едік.