Оқушылар қауіпті сайттарға кірген: Абай облысында 8 мектептің директоры жауапқа тартылды
Абай облысындағы 8 мектепте қауіпті сайттарға шектеу қойылды.
Абай облысында прокуратура балаларды зиянды интернет-контенттен қорғады.
Үржар ауданының прокуратурасы жалпы білім беру ұйымдарында ҚР «Білім туралы» Заңының 43-бабы талаптарының сақталуына тексеру жүргізді.
Белгіленген талаптарға қарамастан, 8 мектепте балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тыйым салынған сайттарға (оның ішінде суицидтік, зорлық-зомбылық сипатындағы және ересектерге арналған контенттерге) еркін қолжетімділік болғаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мектеп директорлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар, аталған барлық білім беру ұйымдарында тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1609 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалды, деп хабарлады Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратура ескертеді: кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, заңды өкілдер немесе балалар облыс прокуратурасының сенім телефонына: 8 (7222) 60-07-50 хабарласа алады.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасады.