Бүгiн 2026, 16:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Оқу-ағарту министрлігі: Мұғалімдерге қосымша құжат жүктемесі берілмейді

Педагогтердің міндеттері №130 бұйрықпен нақты бекітілген.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге жаңа әдістер мен жоспарларға байланысты артық міндет жүктелмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОКҚ алаңында өткен брифингте мұғалімдерге жаңа тәсілдерге байланысты қосымша жоспарлар мен міндеттер жүктеле ме деген сұрақ көтерілді.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, педагогтердің құжаттық жүктемесі қазірдің өзінде нақты нормативтік актілермен реттелген.

Бізде Оқу-ағарту министрінің №130 бұйрығы бекітілген. Сол құжатта әр деңгей бойынша педагогтердің қандай міндеттері бар екені және қандай құжаттарды жүргізуі керектігі нақты көрсетілген, - деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар, құжат жүргізу форматы білім беру ұйымының техникалық мүмкіндігіне байланысты жүзеге асырылады.

Егер мектеп ақпараттық жүйеге қосылған болса, құжаттар электронды форматта жүргізіледі. Ал жүйеге қосылмаған жағдайда қағаз түрінде рәсімделеді, - деп түсіндірді ол.

Спикердің сөзінше, сабақ жоспарын әзірлеу педагогтің кәсіби құзырында қалады.

Сабақ жоспары - мұғалімнің өзіне байланысты. Әр педагог өз сыныбындағы оқушылардың деңгейіне қарай сабағын өзі жоспарлайды, - деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылғаны белгілі болған еді.

Сондай-ақ Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқанын жаздық

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтерді аттестаттаудағы тестілеу тәртібіне қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, шекті балл жинай алмаған мұғалімдерге қайта тест тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.