19 Тамыз 2026, 07:17 Фото: Reuters

OpenAI жасөспірімдерге арналған ChatGPT нұсқасын іске қосты

OpenAI мәліметінше, жүйе пайдаланушының 18 жасқа толмағанын анықтаса немесе оның жасы 13-17 аралығында екенін көрсетсе, аккаунт автоматты түрде жасөспірімдерге арналған нұсқаға ауыстырылады.

OpenAI 13 пен 17 жас аралығындағы пайдаланушыларға арналған ChatGPT for Teens нұсқасын іске қосты. Жаңа нұсқада жасөспірімдерге арналған қосымша қауіпсіздік шаралары мен ата-ана бақылауы енгізілді.

Жасөспірімдерге арналған ChatGPT өзіне зиян келтіру, сексуалдық және романтикалық сипаттағы контентке қатысты қатаңырақ шектеулер қолданады. Сондай-ақ жүйе чат-боттың жасөспірімге жеке сезімі немесе эмоциясы бар деген түсінік қалыптастырмауына бағытталған.

OpenAI мәліметінше, жүйе пайдаланушының 18 жасқа толмағанын анықтаса немесе оның жасы 13-17 аралығында екенін көрсетсе, аккаунт автоматты түрде жасөспірімдерге арналған нұсқаға ауыстырылады.

Компания білім беру бағытына да ерекше мән берген. ChatGPT оқушыға дайын жауапты ұсынудың орнына, мәселені өз бетінше шешуге және оқу материалын тереңірек түсінуге көмектесуге бағытталған.

Жаңа нұсқада ата-ана бақылауы да қарастырылған. Ата-аналар баласының аккаунтын байланыстырып, ChatGPT қолдануға болмайтын «тыныш уақытты» белгілей алады. Сонымен бірге қауіпсіздікке қатысты елеулі жағдайларда ата-аналарға арнайы хабарлама жіберілуі мүмкін. Бұл функцияларды қосу үшін жасөспірімнің келісімі қажет.

OpenAI бұл өзгерістерді жасөспірімдердің жасанды интеллектпен қарым-қатынасына қатысты алаңдаушылықтың артуымен байланыстырып отыр. Компанияның мақсаты – жасөспірімдерге AI құралдарын қауіпсіз пайдаланып, білім алуына және сыни ойлау қабілетін дамытуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

OpenAI-дың айтуынша, жаңа нұсқа жасөспірімдердің жасына сәйкес қорғаныс шараларын күшейтіп, олардың ChatGPT-ті оқу мен шығармашылыққа қауіпсіз пайдалануына жағдай жасауға бағытталған.

Бұған дейін YouTube 24 тамыздан бастап видео қаралымдарын есептеу тәсілін  өзгертетінін жазған болатынбыз.