Оңтүстік Кореяда отандасымыз шатырдан құлап, қайтыс болды

Бұл туралы мәлімет кореялық БАҚ беттерінде жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

idomin.com ақпарат агенттінінің мәлімдеуінше, Оңтүстік Кореяда 18-қабаттағы пәтердің шатырын сырлауға дайындалып жатқан қазақстандық құлап қайтыс болды.

Бүгін таңғы сағат 8:25-те сырлау жұмыстарына дайындалу үшін қорғаныс жолағын орнатқан Қазақстан азаматы Кимхэ қаласындағы Канто-Донгтағы пәтердің 18-қабатынан құлап кетті, - деп жазды БАҚ.

Жазатайым оқиғадан кейін қазақстандықты ауруханаға жеткізген, алайда дәрігерлер отандасымыздың өмірін сақтап қала алмаған.

Жергілікті полицияның мәліметінше, қазақстандық Оңтүстік Кореяда заңсыз болған. Ол елге туристік визамен келген.

20 қыркүйек күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар жайлы айтып, Үкіметке сауал жолдаған болатын.

Депутат Үкіметке Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтауды және екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша, Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңды тетікті табуды ұсынған болатын. 

Ресми дерекке сәйкес, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9 600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеген. Ал 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8 902 адам болған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы