18 Қараша 2026, 09:13 Фото: istockphoto.com

Оңтүстік Кореяда ең күшті жер сілкінісі тіркелді

17 қараша күні кешке Оңтүстік Кореяның Кёнсан-Пукто провинциясындағы Санджу қаласының Ыйсо-мён ауданында магнитудасы 3,6 болатын жер сілкінісі болды. Бұл – биыл Корей түбегі мен оған іргелес теңіз аймақтарында тіркелген ең күшті жер сілкінісі.

Жер сілкінісі 17 қарашада сағат 23:10:17-де Санджу қаласынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде болған. Эпицентрі солтүстік ендіктің 36,52 градусы мен шығыс бойлықтың 127,96 градусы аралығында орналасқан. Әкімшілік тұрғыдан бұл аумақ Санджу қаласының Ыйсо-мён ауданына қарайды.

Жерасты дүмпуінің ошағы 20 шақырым тереңдікте болған. Корей түбегінде тіркелетін жер сілкіністерінің басым бөлігі жер бетіне жақын, шамамен 10-20 шақырым тереңдікте болады. Бұл жолғы дүмпу де салыстырмалы түрде таяз қабатта тіркелгендіктен, елдің орталық бөлігіндегі бірнеше аймақта сезілген.

Санджу, Мунгён және Боын қалаларында аспаптық сейсмикалық қарқындылық 4 балл деп бағаланды.

Мамандар жер сілкінісінің магнитудасы мен сейсмикалық қарқындылығы екі түрлі көрсеткіш екенін атап өтеді. Магнитуда жер сілкінісі кезінде бөлінген жалпы энергияны сипаттаса, қарқындылық белгілі бір аумақтағы дүмпудің қаншалықты сезілгенін көрсетеді. Ол эпицентрге дейінгі қашықтық пен топырақтың ерекшеліктеріне байланысты өзгереді.

Бұл – биыл Корей түбегі мен оған іргелес теңіз аймақтарында тіркелген 58 жер сілкінісінің ішіндегі ең күштісі.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда магнитудасы 4,7 болатын жер сілкінісі тіркелді.

Сондай-ақ Жапония жағалауында да магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісінің тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.