Елімізде онлайн-митинг өткізу мәселесі ұсынылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің қатысуымен өтіп жатқан жиында Алматының қоғам белсенділері елімізде онлайн-митинг өткізу мәселесін көтерді. 

Бейбіт шеру туралы Заң жобасын талқылау барысында қоғам белсендісі Болат Жұматаевтың қазір әлеуметтік желілер үлкен рөлге ие екенін айта келе, оны да есепке алу керек деген ұсыныс білдірді. 

Қазір елімізде әлеуметтік желі маңызды рөл атқарады. Осындай шерулерді әлеуметтік желі арқылы да өткізіп көру керек. Яғни, халықтың көшеге шығуына жеткізбей онлайн-митинг, онлайн-сауалнама жүргізіп тұрған жөн. Ол жерде бәрі интернет арқылы өз пікірлерін жеткізе алады, - дейді Болат Жұматаев. 

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл ұсынысты ескеретінін жеткізді. 

Бұл керемет идея. Сіздің ұсынысыңызды тыңғылықты түрде қараймыз. Бұл жерде расымен де логика бар. Оны қарау керек. Дегенмен, онлайн митинг, сауалнамалар тыңдай білетін мемлекет тұжырымы аясында жасалады, - деді министр.
Айта кетейік, Алматыда ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен бейбіт шерулерді өткізу және ұйымдастыру тәртібі жөніндегі ҚР заңын жетілдіру мәселесі қаралып жатыр.

Бұған дейін, қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Сергей Пономарев аталған Заң жобасындағы журналистерге қатысты тұсын әлі де жетілдіру керектігін мәлімдеген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы