Онлайн-казиноны жарнамалағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Қазақстанда бұдан былай онлайн-казиноны жарнамалағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
Айтуынша, блогерлерге қатысты үлкен жұмыс атқарылып жатыр.
Біз шамамен 34 блогердің онлайн-казино жарнамалауын зерттедік. Бұл неліктен маңызды? Себебі Қазақстан аумағындағы казинолардың басым бөлігі жабылды деуге болады. Алайда шетелде орналасқан онлайн-казинолар әлі де бар. Олар біздің блогерлер арқылы өздерін жарнамалап, қазақстандықтарды құмар ойындарға тартады, - деп атап өтті Жеңіс Елемесов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда қанша блогердің жауапкершілікке тартылғаны тоқталды.
Бұл ойындардың салдары белгілі – лудомания, яғни өте ауыр дертке алып келеді. Сондықтан біз блогерлерге қатысты ақпаратты Мәдениет министрлігіне жолдадық. Қазірдің өзінде 11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал қалғандары бойынша мәселе қарастырылып жатыр. Сонымен қоса, сіздерді блогерлердің қылмыстық жауапкершілігі қызықтыратынын білемін. Сондықтан айта кетейін: бұл мәселе де күн тәртібінде тұр, - деді ҚМА өкілі.
Егер блогер өз қызметінде осы казиноларды ұйымдастыруға қатысса, не болмаса табысты бөлуге араласса немесе қандай да бір өзге жолмен бұл қылмысты жасауға үлес қосса, онда ол қылмысқа сыбайлас ретінде жауапкершілікке тартылатын болады.
Ал егер сөз тек жарнамалау туралы болып отырса, мұндай әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 455-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке жатады.