Өңірлердің көбінде негізгі көрсеткіштер бойынша өсудің оң серпіні байқалды – Руслан Дәленов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құрылыс және негізгі капиталдар бойынша артта қалған өңірлер саны қысқарды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы құрылыс бойынша 3,9% деңгейінде, Маңғыстау облысы инвестициялар бойынша 2,9% деңгейінде оң өсім көрсетті. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.
Қаңтар-қазан аралығындағы өңірлік даму қорытындысына тоқталған министр өнеркәсіп бойынша Маңғыстау облысы 0,2% өсіммен оң аймаққа шыққанын жеткізді.
Бұл ретте Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында әлі де төмендеу. Ауыл шаруашылығы бойынша Қостанай облысында ғана өнім шығару төмендеді. Бұл ретте төмендеу тереңдігі 33,8%-дан 22,8%-ға дейін қысқарды. Сонымен қатар, құрылыс және инвестициялар бойынша Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында төмендеу байқалды. Одан басқа Маңғыстау облысында құрылыс жұмыстары төмендеді, - деді ол.
Сөз арасында ол бірқатар өңір бірнеше көрсеткіш бойынша серпінді өсімді көрсеткенін айтып өтті.
ШҚО және Қызылорда облыстары 4 көрсеткіш бойынша, Қарағанды, БҚО, Ақмола облыстары үш көрсеткіш бойынша жоғары өсім көрсетті. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 3 көрсеткіш, Маңғыстау облысында екі көрсеткіш бойынша төмендеу байқалды. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында төрт көрсеткіш бойынша төмендеу және екі көрсеткіш бойынша бәсеңдеу байқалды, - деді министр.
Руслан Дәленов сөз соңында Үкімет басшысы Асқар Маминге экономиканың өсуін қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар бірқатар шараға баса назар аударса деген өтінішін білдірді.
Біріншіден, экономиканың базалық салаларында және өңірлерде қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу, екінші, өңірлер жергілікті жерде азық-түлік тауарларының бағасын ерекше бақылауға алу қажет. Үшінші, құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтауды қамтамасыз ету және инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатының толық игерілуін қамтамасыз ету қажет, - деді ол.
Айта кетсек, Үкімет отырысында 2019 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалуы қаралып жатыр.
Бұған дейін министр жыл басынан бері ішкі өнім 4,4%-ға дейін жеделдегенін айтқан болатын.