Өмірімнің жартысы шекарада өтті – кеден бекетінде жұмыс істейтін маман

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалғасы саналатын «Нұр жолы» кеден бекеті – Қазақстан-Қытай елдері арасындағы тауар айналымын еселейтін бірегей жоба. Шекарадағы бақылау-тексеру пунктінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан маман кедендік бекеттегі жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Agent Brok» компаниясының басшысы Мадина Давлетходжаева «Нұр жолы» кеден бекетінде осымен 26 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Мадина Давлетходжаева 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің екі қызы бар.

«Шекарадағы жұмысым өмірімнің бір бөлігіне айналды»

Ол кедендік рәсімдеу саласында 1997 жылдан бері қызмет етіп келеді. Кейіпкеріміз Мадина қазіргі күні Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» кеден бекетінде жұмыс істейді.

Мен бұл салаға қалай келдім? Кедендік рәсімдеу саласына келуіме тағдырым себепші болды. Ал негізгі мамандығым – дәрігер. Балалар гастроэнтерологымын. Ерте, 23 жасымда жесір қалдым. Осылайша, өмір мені қиын жағдайға қалдырды. Дәрігерлердің табатын жалақысы өте аз болатын. Қолымда 6 айлық балам болды. Сол себепті бір істі қолға алып, жұмыс істеуім керек болды. Сөйтіп 1997 жылы «Қорғас» кеден бекетіне келдім. Осылайша қызметімді алдымен кедендік рәсімдеумен айналысатын маман лауазымынан бастадым. Қазір басшы қызметіне дейін көтерілдім. Яғни, өзім декларацияны жазып, оны тапсыру жұмыстарымен айнылыса аламын. Жалпы өмірімнің жартысы осы шекарада өтті, - дейді кейіпкеріміз.

Мадина Давлетходжаева күнделікті жұмыс күні таңғы сағат 8-ден басталып, кешкі сағат 10-ға дейін жалғасатынын айтады.

Ол дәл қазір Қазақстан-Қытай шекарасында. Офисінде жұмыс істеп отыр. Туған жері Алматыға тек демалыс күндері барып тұрады.

Әріптестерім демалыссыз жұмыс істейді. Өйткені біздің жұмысымызда демалыс күндері қарастырылмаған. Тек мемлекеттік мереке күндері шекара жабылғанда ғана бізде демалыс жарияланады, - деп айтты Мадина Давлетходжаева.

Қазақстандық маман ретінде «Нұр жолы» кедендік бекетінде қалыптасқанын айтады.

26 жылдық тәжірибемде осы кедендік бекетте маман ретінде өсіп-өндім. Жұмысымды бар жан-тәніммен жақсы көремін, ол менің бір бөлігім десем болады. Адамдардың, жүргізушілердің және компаниялардың маған деген сенімін көріп, жаным жай табады. Оған қоса мен кедендік бекетте үлкен беделге ие болдым. Бұл жұмыс - менің өмірім. Саламызда қандай да бір проблемалар болса, оны әрдайым ашық айтып, шешімін бірлесіп табуға тырысамын, - деп бөлісті тәжірибесімен ол.

Айтуынша, пандемия кезінде проблема болғаны жасырын емес. Дегенмен олардың жұмысы тоқтамай, жалғаса берген. Енді қазір жұмыс процесі пандемиядан кейін қайта бұрынғы қалпына келіп жатыр. Десе де, жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай түзелген.

Логистика, тексеру-бақылау жұмыстары

Мадина ханым басқаратын компания логистика және жүктерді рәсімдеу жұмыстарымен айналысады. Негізгі клиенттері - транзитті қолданатын үшінші елдер. Сонымен қатар ішкі жүк тасымалы да бар.

Мадина Давлетходжаеваның айтуына қарағанда, қазір сауда-саттықпен айналысатындар қатары көбейіп келеді. Олар ашық жұмыс істеуге тырысып жатыр. Мысалы, шоғырландырылған жүк көлігі келеді. Яғни, бір көлікке 20 компания жүк салады. Олар жұмысты ашық жүргізіп, жеке кәсіпкер ретінде құжаттарын реттеп, тиісті салықтарын төлеп, таза жұмыс істейді.

Күн сайын кедендік бақылау бекеті арқылы 200-300 автокөлік құралы өтеді. Бізге қандай жеңілдік болғанын білесіз бе? Қазір «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы өздігінен жүретін жаңа көліктер, жеңіл автокөліктер өтіп жатыр. Бізде ақпан айында Үкімет деңгейінде жұмыс тобы құрылған болатын. Осы жұмыс тобының құрамында мен де болдым. Дәл сол кезде шешім қабылданып, кедендік рәсімдеу үшін кейбір жұмысқа жеңілдік жасалды. Яғни, бұрын күніне шамамен 100 жаңа техника кіретін. Ол түрлі тексеру жүйесінен өтетін еді. Кейін барлық рәсімдеу процесінен өтудің қажеті жоқ деген шешім қабылданды. Сөйтіп кейбір рәсім алынып тасталған соң, кеденнен өтетін жаңа техникалардың саны 1 000-ға дейін өсті. Көріп отырғаныңыздай, көрсеткіш 10 есеге артып отыр. Сәйкесінше жүк көліктеріне де жеңіл болды. Бұдан былай рентген тексерісінен тек тауарлары бар жүк көліктері ғана өтеді, - деп түсіндірді кедендік бекеттің маманы.

Оның сөзіне қарағанда, Қытайдан Қазақстанға өте көп тауар түрі келеді. Атап айтқанда, құрал-жабдықтар, азық-түліктер және т.б. Сонымен бірге көптеген тауар транзит арқылы үшінші елге кетеді. Қазір Өзбекстан ауқымды зауыт салып жатыр. Сол себепті де үлкен жүк көліктері көрші елімізге кетіп жатыр.

«Ұлы Жібек жолы» жұмыс істеп тұр»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында транзиттік потенциалды арттыру мәселесі көтерілген болатын. Қазір еліміз арқылы жүктер Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркіменстан, сондай-ақ Еуропаға да жіберіледі. Яғни, «Ұлы Жібек жолы» жұмыс істеп тұр деп нақты айтуға болады. Сондай-ақ еліміздің қалаларына да жүктер тасымалданады. Мысалы, Ақтөбеде, Арқалықта, Астанада салынып жатқан зауыттарға да жіберілетін жүктер біздің кедендік бақылау арқылы өтеді, - деп сөзін толықтырды ол.

Мадина Давлетходжаева Қазақстан-Қытай арасында алдағы уақытта визасыз режим енгізілсе, оның қандай жағымды әсері болатыны жайлы айтып берді.

Қазір Қытайға бару үшін еліміздің жүргізушілері міндетті түрде виза алуы керек. Бұрын да, қазір де визаны алу қиын. Оның құны да өте қымбат. Ал Қытай тарапына 2022 жылы жазда шекараны ашқан соң, олар визасыз 14 күнге келе бастады. Қазір өздігінен жүретін көлікпен көбіне қытайлықтар кіреді. Егер Қытай Халық Республикасына кіру үшін Қазақстан азаматтарына да визасыз режим енгізілсе, онда біздің де жүргізушілеріміз табыс таба алар еді. Визасыз режим енгізілсе, керісінше оның пайдасы көп болады деп ойлаймын. Әйтпесе, бір жылдық визаны ашу үшін шамамен 450 мың теңге төлеу қажет. Бұл өте қымбат, - дейді маман сұқбатында.

Ол қытайлық серіктестері Қытайға шақырғанын айтты. Сөзінше, егер елдеріміз арасында визасыз режим енгізілетін болса, онда ол құжаттың қабылдағанын күтеді. Әйтпесе бизнес үшін виза ашуға 2 300 АҚШ долларын төлеу қажет дейді.

«Нұр Жолы» (ҚР)-«Қорғас» (ҚХР) бақылау-өткізу пункті Қазақстан мен Қытай шекарасында 2018 жылғы 27 қыркүйекте ашылғанын еске сала кетейік. Ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сай бұл өткізу пункті «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» дәлізінің басты қақпасы саналады. Кеден бекеті арқылы күніне 2,5 мың көлік, оған қоса 15 мың адам өте алады.

Өткізу пунктінің аумағы екі бөлек аймаққа бөлінеді. Олар: жүк көлік құралдары үшін жүк және жеңіл көлік құралдары мен автобустар үшін жолаушылар аймақтары. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған дәліздер, ана мен бала бөлмесі, 250 шаршы метрден астам күту залы, қоғамдық тамақтану объектілері, Duty free, санитарлық бөлмелер, CIP және VIP залдары бар.

«Нұр Жолы» (ҚР)-«Қорғас» (ҚХР) бақылау-өткізу пункті ашылғанда сарапшылар Шығыс пен Батыс арасында қолайлы географиялық аумақта орналасқан Қазақстанның транзиттік әлеуетті дамытуға мықты мүмкіндігі бар екенін атап өткен болатын.

Бүгінде «Нұр жолы» кеден бекетінің жұмысы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруына және Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін арттыруға септігін тигізіп келеді.

Еске сала кетсек, 17 мамыр күні Қытайдың Сиань қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келді. Президент 18-19 мамыр күндері «Қытай-Орталық Азия» саммитіне қатысады. Сонымен қатар саммитке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысады. Форумға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин төрағалық етеді.

Жиында алты мемлекеттің басшылары Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастардың дамуын қарастырып, Қытай-ОА механизмін құру, әртүрлі салалардағы ынтымақтастық, өзара мүдделі халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы