«Омикрон» штамын кімдер жиі жұқтыратыны белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова «20:21» жобасына берген сұхбаты барысында хабарлады.
Оның айтуынша, әлемде «Омикрон» штамын жұқтыру 0,1%-ды құрайды.
Штамды зерттеу үшін оның жаппай таралуы қажет екені белгілі. «Омикрон» бойынша қолда бар деректер өте аз. Алайда бұл штамның жеңілдеу өтетіні айтылып жатыр. Негізінен 18-39 жас аралығындағы адамдарға жұғады, - деді Айжан Есмағамбетова.
Сонымен қатар ведомство басшысы аталған штамның жеңіл өтетіндігіне қатысты ауруды көбінесе жастардың жұқтыруымен байланыстырды.
Осы 18-39 жас аралығындағы адамдарда жанама аурулары аз болғандықтан дерт асқынбауы мүмкін. Себебі коронавирус инфекциясымен қосымша диагноздары бар тұрғындар қатты ауыратыны белгілі, - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлемде әлі де коронавирус инфекциясының «дельта» штамы көп таралып жатқаны туралы жазған болатынбыз.