Омикрон штамымен ауырған кезде антидене қалыптаса ма?
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Күләш Құрманова ӨКҚ алаңында өткен брифингте «омикрон» штамына қатысты өзекті сауалдарға жауап берді.
Оның айтуынша, коронавирустың омикрон штамын жұқтырған адамда сырқаттан кейін антидене қалыптасады. Алайда уақыт өте келе оның күші әлсірейді, сол үшін вакцина алған жөн.
Сонымен қатар ол «дельта» штаммен ауырып, арада 2-3 ай өтпей «омикрон» нұсқасын жұқтырып жатқандарға қатысты түсінік берді.
Омикрон өте жұқпалы, бұған дейінгі штамдарға қарағанда оның таралуы 5 есе жоғары. Бұл штам жеңіл өтеді, адамдар оны елемей әдеттегі ЖРВИ екен деп көпшілік жерге қорықпай бара береді. Соның салдарынан адамдар арасында ол кеңінен таралып жатыр, әсіресе балалар жұқтыруда,-деді Күләш Құрманова.
Сонымен қатар ол сырқат жеңіл өтіп жатыр деп өз бетінше емделуге болмайтынын ескертті.
Омикрон жұққанда ауру белгісі кәдімгі тұмау сияқты өтеді. Ыстық көтеріледі, бұл кезде антибиотик дәрілерін ішуге болмайды, оның еш көмегі жоқ. Оны, тек дәрігермен кеңесіп барып ішкен дұрыс. Егер дәрігер бактериялық белгілер тапса оны қабылдауға рұқсат береді. Сондай-ақ ыстық түсіретін дәріні де жиі іше бермеу керек. Негізі жылы су ішіп, көбірек қозғалған жөн,-деді профессор.