18 Қараша 2026, 18:55 Фото: sk.kz

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы О. Бектеновтің мәлімдемесі.

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты бірқатар түсініктеме беруді қажет деп санаймын. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуде. Барлық мән-жайлар жүргізіліп жатқан тергеу аясында анықталуда. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс. Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, Премьер-министр жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалатынын айтты. 

Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады. Сонымен қатар орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді, - деді ол. 

Сонымен қатар Олжас Бектенов басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санайтынын жеткізді. 

Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санаймын. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттарына бейілділігін растайды. Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала береді. Біз инвесторларымыз бен кредиторларымыздың сенімін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, - деді Премьер-министр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ, ҰҚК-ны өзгерістер күтіп тұрғаны, Президент жаңа басшыға қандай талаптар қойғаны хабарланды. 

«Қателіктерге жол берілді»: Ақорда ҰҚК басшысының неліктен ауысқанын жазды.