Ольга Осипчук: Менің балаларым қазақ мектебіне барады
"Шаңырақтың" бүгінгі мейманы - Ольга Осипчук. Қарағанды облысында туып өскен Ольга бүгінде Астана қаласында тұрады.
Қарағандының күллі қазаққа таныс Қарқаралысында өскен соң Ольганың қазақша білгені таңсық емес секілді. Алайда, бізді таңғалдырғаны Ольганың өлең-жырға, поэзияға шексіз құштарлығы болды.
Қазіргі заманның жетістігі - әлеуметтік желілерді пайдалана отырып қазақ ақындарының өлеңдерін майын тамыза мәнерлеп оқып, қазақ тілінің, қазақ өлеңінің өркендеуіне өз бетінше үлес қосып жүрген қарлығаш ниетті қызымызға қатты риза болдық.
"Қол-аяғы балғадай азаматтар "анау жоқ, мынау жоқ" деп жылап отырғанын көргенде жыным келеді. Әке-шешесіз, әжемнің қолында өссем де ешкімнен ештеңе сұрап көрмеппін. Балаларымды да өзім жетілдіріп келе жатырмын" деген кезде қаршадай қыздың қайратына сүйсіндік.
Құрметті көрермен, "Шаңырақтың" бұл саны - қазақтың қара өлеңіне арналғандай болды. Көріңіз, Ольганың өнерін бағалаңыз!
"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.
Бұған дейін "Шаңырақтың" кезекті мейманы - түрік бауырымыз, Түлкібастың түлегі, Астананың асабасы Рамазан Абилев болды.