Олег Крук: Пәтер иелерінің кооперативі жылу жүйесін дұрыс орнатпаған
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук жедел штабтың Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша қазіргі жағдайына қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгін ауқымды көлемде жұмыс атқарылды.
Кварталішілік желілер, жылу тораптары қалпына келтірілді. Барлық үйлердің жертөлелеріндегі жылу тораптарына жылубергіш берілді. Ауқымды көлемдегі жұмыс атқарылды. Қазір жылыту құбырлары мен батареялары қалпына келтірілуде. Өкінішке қарай, кейбір үйлерде пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) жылу жүйесінің су ағызатын тетігін дұрыс орнатпаған. Сондықтан ондай үйлерде көптеген батарея мен жылу құбырларын ауыстыруға тура келіп тұр. Сол үшін жылу жүйесіне мұз қатып қалған, - деді Олег Крук.
Еске сала кетейік, 27 қараша күні Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығында орын алған апат салдарынан қала жылусыз және ыстық сусыз қалған еді.
28 қараша күні қалада ТЖ режімі жарияланды.
Бүгін Екібастұз қаласында жүрген орынбасары Роман Склярмен телефон арқылы сөйлескен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қалада жылу желілерінде жұмыс тәулік бойы жүргізіліп жатқанын айтты.