"Олармен келіспеймін". Шарлапаев отандық көлік өндірісі туралы сұраққа жауап берді
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда Xerion тракторының өндірісі артатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр бүгінгі таңда елімізде неміс капиталы салынған 21 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтады. Ондағы инвестицияның жалпы көлемі шамамен - 1 млрд еуро.
Елімізде ауыл шараушалығы техникасына үлкен сұраныс бар. Өте танымал әлемдік Claas компаниясы қазіргі таңда Петропавлда өз техникаларын құрастырып жатыр. Біз осы өндірісті кеңейту бағытында жұмыс істейміз. Компания Қазақстанға өзінің ең озық техникасын жеткізеді. Ол – Xerion тракторы, өте танымал модель, жаңа әзірлеме. Қазіргі уақытта осы өндірісті кеңейту үшін келіссөз жүргізудеміз, - деді Шарлапаев.
Шарлапаев "елімізде неге ауыл шаруашылығы техникасы аз өндіріледі" деген сұраққа жауап берді.
Мен олай айтатындармен келіспеймін. Өзіңіз Петропавл қаласына, Ақмола облысына, Солтүстік өңірлерге барып көріңіз. Сол жерлерде өндірілген техникалардың көбі Қазақстаннан шығарылған, - деп қысқа жауап берді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін министр елімізде неміс компаниясы сирек металл өндіретін зауыт ашуы мүмкін екенін айтты. Мемлекет басшысы Германиямен стратегиялық серіктестік дамып келе жатқанын атап өтті.