Оқушыларға БЦЖ екпесі қалай жасалады? Фоторепортаж

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша жылдағы дәстүрмен бірінші сыныптың табалдырығын аттаған оқушылар арасында туберкулезге қарсы вакцинация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүлдіршіндерге екпе қалай салынады? Оның қандай талаптары бар? Ата-ананың қандай рұқсаты керек? Балаларға вакцинаның салыну жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

Вакцинациялау жұмысын оқу ордасы қарайтын емхана ұйымдастырады. Педиатр, вакцинатор мамандарынан құралған бригада білім ошағына барады.


Барлық вакцина емханадан әкелінеді. Ол Санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес сақталған. Емханадан жеткізіле сала бірден мектептің медициналық кабинетіндегі тоңазытқышқа қойылады.


№6 қалалық емхананың Мектеп және мектепке дейінгі медицина бөлімшесінің меңгерушісі Айтжан Абылқасованың айтуынша, күздің алғашқы айында білім әлеміне енді қадам басқан оқушыларға бір ай бойы екпе салынатын көрінеді. Дәрігерлердің арасында қыркүйекті «туберкулезге қарсы ревакцинациялау айы» деп аталуы да тегін болмаса керек-ті.


Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, жаңа оқу жылы басталысымен 1-сыныпқа қабылданған балаларды туберкулезге қарсы вакцинациялауды қолға аламыз. Бәрі оңай жасала салатын нәрсе емес. Алдымен оқушылардың денсаулығын зерттейміз. Одан кейін манту сынамасы салынады. Соның нәтижесіне қарап оларға туберкулезге қарсы БЦЖ ревакцинациясын жүргіземіз. Мысалы, бүгін БЦЖ вакцинасын ектік. Оған балалардың үш күн бұрын алған манту сынамасының теріс нәтиже көрсетуі негізге алынды. Мантудан оң нәтиже шыққандарды арнайы емханаға жіберіп, тексеруден өткіземіз. Денсаулығын қайтадан тексереміз, - деп атап өтті Айтжан Нұртайқызы.

Ал екпенің екінші кезеңі желтоқсан айында жалғасын табатын көрінеді. Яғни белгілі бір себептермен денсаулық жағдайына байланысты медициналық қарсы көрсетілімдері барлар келесі кезеңге қалдырылады.


Екінші кезеңге қалған балалардың денсаулығы қайта тексеріліп, бәрінің дұрыстығына көз жеткізген соң вакцинацияланады. Осылайша, әр түрлі жағдаймен екпе салынбаған балаларға желтоқсан айында тағы да қайта жасалады.


Тағы бір ескеретін жайт, мамандар бірде-бір екпе баланың ата-анасының келісімінсіз жүзеге асырылмайтындығын алға тартты.


Ата-аналарға ерікті келісім парағы алдын ала беріледі. Оны баланың «Денсаулық құжатының» ішіне арнайы жапсырамыз. Олар онымен оқып, танысады. Келісемін немесе бас тартамын деп жазады. Кей ата-аналар балаларына екпе салдырғысы келмейтін жайттар орын алуы мүмкін. Бас тартамын деген адамдармен жеке сөйлесеміз, екпенің бала үшін маңыздылығын түсіндіреміз. Одан соң көбіне ата-аналар өз пікірін өзгертіп жатады. Екінші кезеңге дейін ойланатындар да болады. Ата-ананың келісімінен соң ғана медкабинетке әкелінеді, - деді Айтжан Абылқасова.

Екпе салынатын медкабинетте де барлық талап сақталады. Кезек күткендердің саны 5 баладан аспайды. Кем дегенде 1 метр арақашықтық сақталады. Балалар тексеруден өтіп, екпе салынады. Вакцинадан соң олар 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Содан кейін ғана баланы босатамыз дейді мамандар.


Қарамағында 12 мектеп бар №6 қалалық емхана дәрігерлері биылғы жоспар бойынша 1-сыныптың табалдырығын аттаған 2000-дай балаға екпе саламыз деп отыр.


Вакцинаторлар «Мантудың орнына коронавирусқа қарсы екпе салып жатыр» деген дақпырт ақпараттарға да жауап берді.

Желіде «мантудың атын жамылып, коронавирусқа қарсы екпе салады екен» деген жалған хабарларды медицинадан еш хабары жоқтар таратады деп ойлаймын. Біз бұл жұмысты ондаған жыл бойы жүргізіп келеміз. Кез келген екпе ата-ананың рұқсатынсыз салынбайды. Оқушылардың денсаулығы мен денсаулығын сақтауды қолдау. Ал қауіпсіз оқу ортасын ұйымдастыру, вакцинация кестесіне сәйкес оқушылардың иммунизациясын қамту – біздің міндетіміз, - деді Айтжан Абылқасова.





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы