Облыстық білім басқармаларының білім бөлімдерімен тікелей жұмысы бірқатар мәселені шешіп отыр – Тоғжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері облыстардың білім басқармаларына есеп берудегі мәселелері туралы сауалына жауап берді.

Сөзінше, бүгінгі күні облыстық білім беру басқармаларының білім беру ұйымдарымен тікелей жұмыс істеуі бірқатар мәселені шешіп отыр. Осылайша, білім басқармасы оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік көмек пен басқару әрекеттерін күшейтті.

Вертикаль басқару, сондай-ақ тиімді жоспарлауды ұйымдастыру және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін әрбір өңірдің қажеттіліктері бойынша қаражатын жоспарлауға және бөлуге мүмкіндік береді. Білім және ғылым министрлігі Әкімшілікаумақтық бірлікті басқару схемаларын қалыптастыру кезінде қолданылатын білім беруді басқару органдары арасында функцияларды бөлуді бекітті. Бұл функцияларды бөлуге сәйкес жергілікті жерлерде жедел ден қою және тиісті бақылауды жүзеге асыру мақсатында аудандардың білім бөлімдерінің қызметіне облыстың жергілікті атқарушы органының 37 функциясы жатқызылды, - делінген Үкімет мүшесінің жауабында.

Бұдан басқа «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 29-бабының 3-тармағына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала әкiмi өзiнiң жекелеген өкiлеттiгiн жүзеге асыруды төменгi тұрған әкiмдерге беруге құқылы.

Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, облыстық деңгейге көшу қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің құқықтық және қаржылық тәртібін арттыруға оң әсерін тигізді және бухгалтерлік есеп пен есептіліктің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бір облыс шеңберінде әртүрлі аудандар арасындағы білім беру теңсіздігін жоюға, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға көмектеседі. Білім беру мекемелерін басқару және бюджеттік әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстырғанға дейін білім беру объектілерін салу жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (ББӘ) - облыстардың құрылыс басқармалары, - деп айтты Тоғжанов.

Премьер-министр орынбасарының ақпаратына сәйкес «2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы» заң шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға білім беру саласы объектілерінің проблемаларын шешуге 286,8 млрд теңге (оның ішінде 2020 жылға – 87,1 млрд теңге, 2021 жылға – 95,7 млрд теңге, 2022 жылға – 104 млрд теңге) қаражат көзделген.

Бұдан басқа білім беру ұйымдары педагогтерінің, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға, мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайтуға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жоғары білімді мамандар даярлауға, және т.б. республикалық бюджеттен жыл сайын нысаналы трансферттер бөлінеді. Мәселен, 2021 жылы нысаналы трансферттер көлемі 855,3 млрд теңгені құрады, ал 2022 жылға барлығы 1 трлн 213 млрд теңге жоспарланған.

Осылайша, білім беру саласына жыл сайын бөлінетін мемлекеттік бюджеттің өсуі байқалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы