Обаға қарсы қызмет саласының қызметкерлері жалақыларын көтеруді сұрады
Палата отырысында Сенатор Ақмарал Әлназарова депутаттық сауалында еліміздің Обаға қарсы қызметі саласындағы нақты проблеманы шешуді талап еткен үндеуді жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта еліміздің Обаға қарсы қызметін Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының құрамына енгізу үрдісі жүріп жатыр. Бұл орталықты осыған дейін «QazBioPharm» ұлттық холдингінің құрамына енгізу жоспарланған болатын. Алайда дәл қазір Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде Орталықты қайта құру, атап айтқанда, обаға қарсы қызметті жеке мемлекеттік мекеме ретіндебөлек шығару мәселесі қолға алынып отыр.
Қазақстанда обаның соңғы жағдайы 20 жыл бұрын тіркелгеніне қарамастан, соңғы жылдары адамзат биологиялық әлемдегі тұрақсыздыққа тап болды. SARS, COVID-19, құс тұмауы және шошқа тұмауы – патогендік мутациялар көбейген кезде трансшекаралық сипаттағы жұқпалы аурулардың таралу аймағының кеңеюіне нақты қауіп төндіретін және жаһандық жылынуға әсер ететін инфекциялардың бір бөлігі ғана. Сондықтан қолайсыз аумақтарды бақылауды әлсірету және осылай бөлшектеу республика халқына ауыр соққы беруі мүмкін, - деді сенатор Ақмарал Әлназарова.
Сала қызметкерлері жалақы мәселесін көтеріп отыр. Сенатордың айтуынша, обаға қарсы қызмет саласы қызметкерлерінің жалақысының өсуіне қарамастан, оның қорытындысы бойынша медициналық және медициналық емес білімі бар қызметкерлердің арасында жалақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық пайда болды.
Даладағы биологиялық материалды өңдеу және зарарсыздандыру, биосынақ жұқтырған жануарларға күтім жасау, күшті әсер ететін улы дәрі-дәрмекпен және далалық жағдайларда жұмыс істеу кезінде биологиялық тәуекел қатері үшін қосымша ақы ескерілмеген. Соның нәтижесінде, обаға қарсы қызмет қызметкерлерінің тек 23%-ы ғана кәсіби қызметке байланысты тәуекел үшін лауазымдық жалақының 50% мөлшеріндегі қосымша ақымен қамтылған. Бұл дайындалған кадрлардың саладан кетіп қалуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, барлық қызметкер мен биологиялық тәуекелге барып қайта байланыс жасайтын адам үшін ерекше еңбек жағдайы үшін қосымша ақыны қалпына келтіру қажет, - деді сенатор.
Депутат осыған байланысты Үкімет басшысына обаға қарсы қызмет салысындағы тәуекелге бел буатын қызметкерлердің биологиялық қауіп-қатерге ұшырау деңгейін ескере отырып, еңбекақы мөлшерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды және мемлекеттік жеке мекемеге бөлінбестен «QazBioPharm» холдингінің құрамында М.Айқымбаев атындағы «Аса қауіпті инфекциялардың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК-ге берілуін жеделдетуді сұрады.