Нұрлан Әуесбаев президенттікке кандидат ретінде талаптарға сай - ОСК

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады.

Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай Н.Әуесбаевқа қатысты ел президентін кезектен тыс сайлауда кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін, - делінген ОСК таратқан хабарламада.

Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ол тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, елімізде соңғы 65 жыл бойы тұрады.

Оның жоғары білімі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі 10 жыл 8 ай.

Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы сайлауда үміткер ретінде ұсынылған Н. Әуесбаевтың талаптарға сәйкес келетінін бекітті.

Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізген еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент сайлауына үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді білуі бойынша емтихан тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы