13 Шілде 2026, 12:23 Фото: ашық дереккөз

Нұрай Серікбайдың ісі бойынша кезекті маңызды процессуалдық кезең аяқталды – адвокат

Жәбірленуші тарап істің тікелей эфирде көрсетілуін талап етпек.

Шымкентте көшеде пышақ жарақатынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша кезекті маңызды процессуалдық кезең өтті. Бұл туралы адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Омаровтың сөзінше, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін түзіп, қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдады.

Осылайша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, ендігі кезеңде іс сотта мәні бойынша қаралатын болады. Жәбірленуші тараптың өкілі ретінде сот процесінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жалғастырамыз. Істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданатын болады, - дейді адвокат.

Оған қоса, Аянхан Омаров жәбірленуші тарап істің тікелей эфирде өткізілуін талап ететінін хабарлады. 

Бұған дейін адвокаттар Нұрай ісін тергеудегі заң бұзушылықтар туралы мәлімдеген болатын. 

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.