Нұрай Серікбай ісі бойынша сот үкімі шықты
Айыпталушы Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Сот үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды аса қатыгездікпен адам өлтірді деген айып бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сот қандай үкім шығарды?
Бүгінгі өткен соттың қорытынды отырысында Шерхан Аймахан сот шешімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Судья Шерхан Аймаханды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды.
ҚР ҚК-нің 115-1-бабы – «Сталкинг» бойынша Аймаханға 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
ҚР ҚК-нің 125-1-бабы – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша сот екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.
Ал ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бойынша оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шерхан Аймаханға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын, – деді судья Саммидин Темиралиев.
12 тамызда сотталушы Шерхан Аймахан соңғы сөзінде марқұмның отбасына көңіл айтты.
Соңғы сөзінде Шерхан Аймахан Нұрайға шынайы сезіммен қарағанын айтып, оның отбасынан кешірім сұрады.
Мен оны қатты жақсы көрдім, оған деген сезімім шынайы болды. Нұрайдың ата-анасына көңіл айтамын және жасағаныма өкінемін. Нұрайдың әкесінен, анасынан және екі ағасынан кешірім сұраймын, – деді сотталушы.
Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 15 739 065 теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
Алайда моральдық зиян үшін 10 млрд теңге көлемінде өтемақы төлеу талабын мойындамайтынын айтты.
Материалдық шығынды толық мойныма аламын және алдағы уақытта жұмыс істеп, оны өтеуге дайынмын. 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақыны мойындамаймын. Болған жағдайға қатты өкінемін және бұл үшін өмір бойы өкінетін боламын, – деді Аймахан.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізілген болатын.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Марқұм Нұрай Серікбайдың отбасы күдіктіден моральдық шығын ретінде 10 млрд теңге талап етті. Нұрайдың ағасы Сұлтан неліктен дәл осы сомманы талап етіп отырғандарын түсіндірген болатын.