14 Қыркүйек 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жанармай сапасын қадағалау неге қиын? – Сарапшы 5 себебін атады

Асқар Исмаиловпен елдегі бензин сапасының төмендеуіне не себеп болуы мүмкін екенін талқыладық.

Қазақстанда бензин сапасына бақылауды күшейтуді депутат Асхат Рақымжанов өткен Құрылтай отырысында ұсынды. Мұндай бастама көлік иелерінің жанармай сапасына қатысты шағымдары мен автокөліктердің бұзылуы туралы бірқатар жағдайдан кейін көтерілді. Әлеуметтік желілерде жанармай құю станцияларына барғаннан кейін көліктің дұрыс жұмыс істемей қалғаны немесе қымбат жөндеуді қажет еткені туралы жазбалар көбейді. Отандық отынның мәселесі неде және оның сапасының төмендеуіне не себеп болуы мүмкін? Бұл мәселені The Global Gas Centre (Женева) ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Асқар Исмаиловпен бірге талқыладық.

Сарапшының айтуынша, қазіргі бензин – каталитикалық риформинг, крекинг, изомерлеу, алкилдеу және басқа да технологиялық процестер арқылы алынатын түрлі компоненттердің күрделі қоспасы. Бұл компоненттер белгілі бір пропорцияда араластырылады, ал қажет болған жағдайда отынға рұқсат етілген қоспалар пакеті қосылады. Сондықтан бензин сапасы тек октан санымен ғана емес, мысалы, күкірттің, бензолдың, ароматты және олефинді көмірсутектердің, оттегі мен оксигенаттардың мөлшерімен де анықталады. Яғни құрамы жағынан бұл өте күрделі қоспа.

Қазақстанда отынға қойылатын талаптар КО ТР 013/2011 техникалық регламентімен белгіленген. Мысалы, К5 экологиялық класындағы бензинде күкірт мөлшері 10 мг/кг-нан, бензол 1%-дан, ароматты көмірсутектер 35%-дан аспауға тиіс. Ал құрамында марганец, темір және қорғасын бар қоспаларды пайдалануға тыйым салынған. К5 бензинінің құрамында монометиланилин де болмауы керек. Отынның әрбір партиясына сынақтардың нақты нәтижелері мен қолданылған қоспалар туралы мәліметтер көрсетілген сапа паспорты қоса берілуге тиіс. Сатып алушы жанармай құю станциясында осы паспорттың көшірмесін талап етуге құқылы. Осыған сүйене отырып, Қазақстанда соңғы 10 жылда бензин сапасы айтарлықтай өсті деп айтуға болады, - дейді Асқар Исмаилов.

Автокөлік иелері тап болған мәселе – отынның зауыттан шығар кезде нормативтерге сәйкес болуы дәл сол өнімнің өзгеріссіз күйде автомобиль багына құйылатынына кепілдік бермейді. Аскар Исмаиловтың айтуынша, мұнай өңдеу зауыты мен тұтынушының арасында ұзын тізбек бар. Оған зауыттағы құю орны, теміржол немесе автомобиль цистернасы, мұнай базасы, аралық ауыстырып тиеу орындары, жанармай құю станциясының резервуарлары және отын тарату колонкасы кіреді. Әр кезеңде өнімнің сипаттамалары өзгеруі мүмкін. Сарапшы бензин сапасының нашарлауына әсер етуі ықтимал бірнеше себепті атады.

Бірінші ықтимал себеп – мұнай өңдеу зауытында өндіріс технологиясының немесе тауарлық қоспаны дайындау тәртібінің бұзылуы. Бұл технологиялық қондырғы тұрақсыз жұмыс істегенде, компоненттерді араластыру кезінде қателік кеткенде, қоспалардың мөлшері дұрыс белгіленбегенде немесе зертханалық бақылау жеткіліксіз болғанда орын алуы мүмкін. Ірі мұнай өңдеу зауыттарында мұндай жағдайларды анықтау, әдетте, оңайырақ. Өйткені онда көпсатылы бақылау жүйесі жұмыс істейді, - деп атап өтті спикер.

Екінші себеп тыйым салынған қоспаларды дұрыс пайдаланбау немесе заңсыз қолдану болуы мүмкін. Сарапшының айтуынша, қоспалардың өзі зиянды нәрсе емес. Қазіргі заманғы отынды белгілі бір қоспаларды қолданбай өндіру іс жүзінде мүмкін емес.

Мәселе октан санын арзан жолмен көтеру үшін тыйым салынған металл құрамды компоненттер пайдаланылғанда немесе олардың мөлшері бұзылғанда туындайды. Мұндай заттар октан санын салыстырмалы түрде тез арттыра алады, бірақ сонымен бірге оталдыру шамдарында, бүріккіштерде, оттегі датчиктерінде және катализаторларда шөгінділердің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бастапқыда автомобиль қалыпты жұмыс істегенімен, кейінірек оталдыру жүйесінде ақаулар, қуаттың төмендеуі, қозғалтқыш қателері және пайдаланылған газды тазарту жүйесінің қымбат бөлшектерінің зақымдануы байқалуы мүмкін.

Үшінші себеп – әртүрлі маркадағы отынның араласуы. Мысалы, АИ-95 сақталатын резервуарға АИ-92 қалдықтары немесе сипаттамасы басқа өнім түсіп кетуі мүмкін. Бұл тасымалдау, төгу және сақтау кезінде рәсімдердің бұзылуынан болуы ықтимал. Бірақ қымбатырақ марканы арзан отынмен әдейі алмастыру жағдайлары да болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстанда бұрын да тіркелген, – дейді сарапшы.

Төртінші себеп отынның тасымалдау және сақтау кезінде ластануына байланысты болуы мүмкін. Бензинге су, механикалық қоспалар, тот және резервуар түбіндегі шөгінділер араласуы ықтимал. Әсіресе резервуарлар ұзақ уақыт тазаланбаған, герметикалығы бұзылған, суды тиімді бақылау жүйесі болмаған немесе бір ыдыста әртүрлі мұнай өнімдері кезекпен сақталған жерлерде қауіп жоғары.

Бесінші себеп – ұзақ уақыт сақтау. Уақыт өте келе бензин тотығады, оның құрамындағы ең жеңіл компоненттер буланып кетеді, шайыр тәрізді заттар түзілуі мүмкін. Бұл әсіресе сатылым айналымы төмен жанармай құю станцияларындағы АИ-98 және АИ-100 бензиндеріне қатысты.

Сапаны тексеруге жауапкершілік бірнеше қатысушыға бөлінген. Өндіруші отынның техникалық регламентке сәйкестігін қамтамасыз етуге, өндірістік зертханалық бақылау жүргізуге және әр партияға сапа паспортын рәсімдеуге міндетті. Мұнай базасы мен тасымалдаушы өнімді қабылдау, сақтау, ауыстырып тиеу және тасымалдау кезінде оның сапасын сақтауы керек. Олар партиялардың араласуына, өнімнің ластануына немесе сипаттамаларының өзгеруіне жол бермеуге тиіс. Жанармай құю станциясы – тұтынушы алдындағы соңғы буын және талаптарға сәйкес келетін өнімді сатуға жауап береді. Жанармай құю станциясы иесінің «отын мұнай өңдеу зауытынан сапа паспортымен келді» деген уәжі оны автоматты түрде жауапкершіліктен босатпауы керек. Тұтынушы бензинді тікелей зауыттан емес, жанармай құю станциясынан сатып алады, – дейді ол.

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясат пен реттеуге жауап береді. Алайда өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін тікелей бақылау техникалық реттеу жүйесіне жатады. Тексерулер мен бақылау мақсатындағы сатып алуларды Техникалық реттеу және метрология комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

Қазақстанда зауыттық, ведомстволық, корпоративтік және тәуелсіз сынақ зертханалары бар. Бірақ ресми қорытынды алу үшін зертхананың мұнай өнімдерін сынаудың қажетті әдістері бойынша аккредиттелген болуы аса маңызды.

Отынның техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растау үшін зертхана аккредиттелген сынақ орталықтарының тиісті тізіліміне кіруі керек. Бензинді толыққанды зерттеу портативті октанометрді пайдаланудан әлдеқайда күрделі. Экспресс-құрылғы алдын ала тексеру үшін пайдалы болуы мүмкін, алайда оның көрсеткіштері түпкілікті заңдық қорытынды жасауға жеткіліксіз.

Мұнай өңдеу зауыты отынның барлық талапқа толық сәйкес келетіні туралы қорытынды ұсынуы мүмкін, ал автокөлік иелері көліктің бұзылғанына шағымдануын жалғастыра береді. Себебі зауыт өз аумағында алынған сынаманы тексеруі мүмкін, ал проблема кейінірек – цистернада, мұнай базасында немесе жанармай құю станциясында туындауы ықтимал. Сонымен қатар бір зертхана тек октан саны мен күкірт мөлшерін тексеруі мүмкін, ал ақаудың себебі металдарда, шайырларда, стандартқа сай емес қоспада, суда немесе механикалық қоспаларда болуы мүмкін. Сондықтан зауыттан алынған сынаманың оң нәтижесі нақты үлгінің сапасын растайды, бірақ нақты жанармай құю станциясында сатылған бензиннің сапасын автоматты түрде дәлелдемейді, – дейді спикер.

Асқар Исмаиловтың пікірінше, қолданыстағы жүйенің басты кемшілігі – отын партиясының мұнай өңдеу зауытынан жанармай құю пистолетіне дейінгі қозғалысын қадағалау мүмкіндігінің әлсіздігі. Егер талапқа сай емес бензин анықталса, оның сапасы нақты қай жерде – зауытта, тасымалдау кезінде, мұнай базасында немесе жанармай құю станциясында нашарлағанын анықтау көбіне қиын.

Қазақстанға әрбір отын партиясына бірегей идентификатор берілетін бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі қажет. Жүйеде сапа паспорты, мұнай өңдеу зауытындағы резервуар, тасымалдау ыдысы, мұнай базасы, жанармай құю станциясындағы резервуар және барлық операциялардың күні көрсетілуі керек. Сонда заңбұзушылық анықталған кезде отынның бүкіл қозғалыс бағытын қалпына келтіріп, жауапты буынды анықтауға болады.

Сарапшының пікірінше, жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында тұрақты түрде бақылау мақсатындағы сатып алулар жүргізіп, ескертусіз сынама алу қажет.

Тексеру нәтижелері жанармай құю станциясы, отын маркасы, анықталған заңбұзушылық және қабылданған шаралар көрсетіле отырып жариялануы керек. Айыппұл символикалық деңгейде қалмай, келтірілген залал мен талапқа сай емес өнімді сатудан түскен коммерциялық пайдаға сәйкес болуы тиіс. Асқар Исмаиловтың айтуынша, заңбұзушылық қайталанған жағдайда отын сатуды уақытша тоқтату мәселесін қарастыру орынды.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар қазақстандық АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, шағымданған еді. Осыған байланысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жағдайды тексеру үшін орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жібергенін мәлімдеді.

Министр ақаудың неден шыққаны әзірге анықталмағанын айтты. Жанармай құю станциялары жауапкершілікті мұнай өңдеу зауытына жүктесе, зауыт өкілдері мәселе жанармай бекеттерінен болуы мүмкін екенін алға тартқан. Сондай-ақ Ақкенженов тиісті сападағы бензиннің жаңа партиясы, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін отын жолда екенін хабарлаған еді.

Сондай-ақ, «көлігіміз бұзылды» деген шағымнан кейін Павлодар бензинінің сапасы тексерілді

Тағы оқи отырыңыз: АИ-95 орнына АИ-92 сатылған: Депутат бензин сапасын QR-кодпен тексеруді ұсынды