Кеше 2026, 19:12 Фото: видеодан алынған кадр

Нөмірін жасырып, камерадан қашпақ болды: Жамбылда шетелдік жүргізуші қамауға алынды

Volvo жүргізушісі камерадан «қашу» үшін арнайы құрылғы орнатқан. Алайда айласын полицейлер әшкерелеп, сот қатаң жаза тағайындады.

Жамбылда нөмірін жасырып, жауапкершіліктен жалтармақ болған шетелдік көлік жүргізушісі жауапқа тартылды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті мәлім еткендей, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолында полицейлер мемлекеттік нөмірді қасақана жасырған жүк көлігінің жүргізушісін анықтады.

Жуалы ауданы аумағындағы автожолдың 553-шақырымында полиция қызметкерлері көршілес мемлекеттің 23 жастағы азаматы басқарған Volvo маркалы жүк көлігін тоқтатты.

Тексеру барысында жүргізушінің жылдамдықты автоматты тіркеу жүйелерінен жалтару үшін мемлекеттік нөмірін тануға кедергі келтіретін арнайы құрылғылар орнатқаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша жүргізушіге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады облыстық ПД.

Сот шешімімен құқық бұзушы бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті мемлекеттік нөмірлік белгілерді әдейі жасыру – заң талаптарын елемеу ғана емес, жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін әрекет екенін ескертеді.

Еске салайық, Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қайтыс болған 23 жастағы қызға қатысты жаңа деректер шықты. 

Тағы оқи отырыңыздар: Алматы облысында әйелін көлікпен қағып өлтірген ер адам қамауға алынды: Күдікті полицей ме?