Несие, депозит, ипотека: Базалық мөлшерлеменің төмендеуі неге әсер етеді?
Базалық мөлшерлеме неге төмендеді?
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуіне инфляцияның баяулауы негіз болған. Венера Жаналинаның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында 18% деңгейінде болған мөлшерлеме қазірдің өзінде 2,25 пайыздық тармаққа азайған. Соған қарамастан, елдегі ақша-несие саясаты әлі де салыстырмалы түрде қатаң күйінде қалып отыр.
Бұл шешімнің негізгі себебі – инфляцияның тұрақты түрде баяулауы. 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан 9,3%-ға дейін төмендеді. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын өнімдер сегментінде де бәсеңдеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5%-дан 8,5%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша көрсеткіш 11,4%-дан 11%-ға дейін азайды. Қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9% деңгейінде қалды, - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, алдағы 12 айдағы инфляцияға қатысты халықтың болжамы да төмендеген. Тамызда бұл көрсеткіш 12,1% болса, қыркүйекте 11,8%-ға дейін азайған. Кәсіби сарапшылар да 2026 жылдың соңындағы инфляция болжамын 10%-дан 9,5%-ға қайта қараған.
Бұған қоса, теңгенің нығаюы мен тұтынушылық сұраныстың қалыпқа келе бастауы, соның ішінде тұтынушылық кредит берудің баяулауы да әсер еткен.
Сонымен бірге Қазақстан экономикасындағы белсенділік сақталып отыр. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елдің жалпы ішкі өнімі 4,2%-ға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7%-ға артқан.
Осы факторлар Ұлттық банкке ақша-несие саясатының шектеуші сипатын сақтай отырып, базалық мөлшерлемені біршама төмендетуге мүмкіндік берді, - деп түсіндірді Венера Жаналина.
Дегенмен, сарапшы инфляциялық қысым әлі де жоғары екенін ескертеді. Қыркүйекте айлық инфляция 0,6% болған, ал базалық инфляцияның маусымдық әсерден тазартылған көрсеткіштерінің медианасы 0,7%-ды құраған. Бұл бағаның өсуіне ықпал ететін тұрақты факторлар әлі жойылмағанын көрсетеді.
Сондықтан сарапшы базалық мөлшерлеменің қазіргі төмендеуін ақшаның жаппай арзандауы деп қабылдауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл – инфляция баяулаған сайын ақша-несие саясатын біртіндеп түзету қадамы.
Несие, депозит және ипотека арзандай ма?
Венера Жаналинаның сөзінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарапайым азаматтарға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Қарыз алушылар үшін несие құнының төмендеуіне алғышарт жасалса, депозит иелері жаңа салымдар бойынша табыстылықтың біртіндеп азаюына тап болуы ықтимал.
Несие мөлшерлемесі. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктер үшін қаржы тарту құнын азайтуы мүмкін. Алайда бұл тұтынушылық несиелердің пайызы міндетті түрде төмендейді деген сөз емес.
Венера Жаналина банктер несие мөлшерлемесін белгілегенде қаражат тарту құнымен ғана шектелмейді деп түсіндірді. Олар қарыз алушының төлем қабілетіне қатысты тәуекелдерді, операциялық шығындарды және өз маржасын да есепке алады. Бұл әсіресе кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты. Өйткені мұндай қарыздардың қайтарылмай қалу қаупі сапалы кепілмен қамтамасыз етілген несиелерге қарағанда жоғары.
Егер банктер мерзімі өткен берешек көбейеді немесе қарыз алушылардың төлем қабілеті нашарлайды деп күтсе, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткеннің өзінде несие пайызын жоғары деңгейде сақтауы мүмкін. Сондықтан банктердің қаражат тарту шығынының азаюы тұтынушылық несиелердің де дәл сондай мөлшерде арзандауына міндетті түрде әкелмейді, - дейді сарапшы.
Ал тіркелген пайыздық мөлшерлемемен несие алып, қарызын төлеп жүрген азаматтар үшін Ұлттық банктің бұл шешімі ай сайынғы төлемнің автоматты түрде азаятынын білдірмейді.
Кей жағдайда несиені қайта қаржыландыру тиімді болуы мүмкін. Бірақ мұндай шешім қабылдамас бұрын жаңа несиенің мерзімін, бүкіл кезеңдегі артық төлем сомасын және қосымша шығындарды есептеу қажет.
Депозиттер. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын банктер жаңа теңгелік депозиттердің табыстылығын қайта қарауы мүмкін. Алайда депозит мөлшерлемелері бірден әрі барлық банкте бірдей қарқынмен төмендейді деуге болмайды.
Сарапшының айтуынша, әр банктің шешімі оның депозиттік саясатына, теңгемен қаражат тарту қажеттілігіне, өтімділік деңгейіне, өзге қаржы көздерінің қолжетімділігіне және салымшылар үшін бәсекеге байланысты болады.
Қаражат тартуға көбірек мұқтаж банктер жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ұзақ уақыт сақтауы мүмкін. Ал өтімділігі жеткілікті қаржы ұйымдары депозиттер бойынша пайызды жылдамырақ төмендете алады.
Тіркелген мөлшерлемесі бар қолданыстағы депозиттердің шарттары келісімшартқа сәйкес сақталады. Ал өзгермелі мөлшерлемемен ашылған салымдардың табыстылығы келісімде көрсетілген тәртіп бойынша өзгеруі мүмкін.
Салымшылар үшін тек номиналды табыстылық емес, инфляцияны ескергендегі нақты табыс та маңызды. Егер бағаның өсуі одан әрі баяуласа, пайыздық мөлшерлемелер төмендегеннің өзінде теңгелік депозиттер тартымдылығын сақтауы мүмкін, - деп атап өтті Венера Жаналина.
Ипотека. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нарықтық ипотеканың да біртіндеп арзандауына мүмкіндік береді. Бірақ оның әсері бірден байқалмауы мүмкін. Себебі ипотека – ұзақ мерзімге берілетін қаржы өнімі.
Банктер ипотекалық несие мөлшерлемесін белгілегенде ұзақ мерзімді қаражаттың құнын, бастапқы жарнаны, қарыз мерзімін және қарыз алушыға қатысты тәуекелдерді ескереді.
Ал мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін несиелердің талаптары бөлек ережелермен реттеледі. Сондықтан олардың шарттары базалық мөлшерлеменің өзгеруіне қарай міндетті түрде қайта қаралмайды.
Әзірге азаматтар тұтынушылық несие мен ипотеканың күрт арзандауын күтпеуі керек. Айтарлықтай өзгеріс пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт бойы төмендеп, банктер үшін қаржы тарту құны арзандаған жағдайда ғана байқалуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі инфляция мен теңгеге қалай әсер етеді?
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі уақыт өте келе тұтынушылық және инвестициялық сұранысты ынталандыруы мүмкін. Себебі несие біртіндеп қолжетімді бола бастайды, ал жинақ ақшаның табыстылығы төмендеуі ықтимал.
Алайда сұраныс тауарлар мен қызметтер өндірісіне қарағанда жылдамырақ өссе, бұл бағаға қосымша қысым түсіреді.
Венера Жаналина базалық мөлшерлеменің 0,5 пайыздық тармаққа төмендеуі өздігінен инфляция қайта үдейді дегенді білдірмейтінін айтады. Оның сөзінше, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты әлі де салыстырмалы түрде қатаң. Сондықтан мөлшерлеменің төмендеуі инфляция мен инфляциялық күтулердің тұрақты баяулауына қаншалықты сәйкес келетіні маңызды.
Бұдан бөлек, бюджет және тариф саясаты, сондай-ақ сыртқы экономикалық жағдай да инфляцияға әсер етеді. Мемлекеттік шығындардың артуы ішкі сұранысты күшейтуі мүмкін. Ал реттелетін тарифтердің көтерілуі мен импорттық тауарлардың қымбаттауы бағаға тікелей ықпал етеді.
Осы факторлар қатар әсер етсе, инфляцияның баяулауы тежеліп, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендету мүмкіндігі шектелуі ықтимал.
Теңге бағамына әсері. Сарапшының сөзінше, базалық мөлшерлеме төмендеген сайын теңгелік қаржы құралдарының шетелдік баламалармен салыстырғандағы пайыздық артықшылығы біртіндеп азаюы мүмкін.
Жоғары пайыздық мөлшерлемелер Қазақстанның облигациялары мен теңгемен есептелетін басқа да қаржы құралдарын шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді. Мұндай активтерді сатып алу үшін инвесторлар шетел валютасын теңгеге айырбастауы мүмкін. Бұл ұлттық валютаға деген сұранысты арттырады.
Егер теңгелік құралдардың табыстылығы инфляциялық және валюталық тәуекелдерге қарағанда жылдамырақ төмендесе, шетелдік инвесторлардың жаңа инвестицияларға қызығушылығы бәсеңдеуі мүмкін. Соның салдарынан шетел капиталының келуі азайып, теңгеге көрсетілетін қолдау әлсіреуі ықтимал.
Сарапшы сыртқы пайыздық саясаттағы өзгерістерді де ескеру қажеттігін айтады. Оның дерегінше, 2026 жылғы қыркүйекте АҚШ Федералдық резерв жүйесі мен Еуропалық орталық банк негізгі мөлшерлемелерін 25 базистік тармаққа көтерген, ал Қазақстан Ұлттық банкі мөлшерлемені төмендетуді жалғастырған. Мұндай айырмашылық елдер арасындағы негізгі мөлшерлемелердің алшақтығын қысқартады. Дегенмен облигациялардың нақты кірістілігі басқаша өзгеруі мүмкін.
Соған қарамастан, базалық мөлшерлеменің 14-15%-ға дейін төмендеуі теңгелік активтерді бірден тартымсыз етеді деуге негіз жоқ. Егер инфляция мен валюталық тәуекелдер азайып, қазақстандық қаржы құралдарының кірістілігі шетелдік баламалардан жеткілікті жоғары болып қалса, инвесторлардың қызығушылығы сақталуы мүмкін.
Теңге бағамына тек пайыздық мөлшерлеме әсер етпейді. Қазақстан үшін мұнайдың әлемдік бағасы, экспорттаушылардың валюталық түсімі, Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының операциялары, салық кезеңдері және халықаралық қаржы нарықтарындағы ахуал да маңызды.
Сарапшы 2026 жылғы қыркүйектегі жағдайды мысалға келтіреді. Сол кезде базалық мөлшерлемені төмендету кезеңі жалғасқанына қарамастан, теңге 4,6%-ға нығайып, бір АҚШ долларының бағамы 440,49 теңгеге дейін түскен.
Бұл пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі ұлттық валюта бағамына әсер ететін факторлардың бірі ғана екенін көрсетеді. Сондықтан қазанда базалық мөлшерлеменің 16,25%-дан 15,75%-ға төмендеуі өздігінен теңгенің айтарлықтай құнсызданатынын білдірмейді, - дейді Венера Жаналина.
Оның болжамынша, шетел валютасының жеткілікті көлемде ұсынылуы және шетелдік инвесторлардың теңгелік активтерге қызығушылығы сақталған жағдайда, жыл соңына дейін теңге салыстырмалы түрде тұрақты болуы мүмкін.
Ал экспорттан түсетін валюталық кірістің азаюы, сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауы және Қазақстандағы инфляцияның қайта үдеуі теңгеге қосымша қысым түсіруі ықтимал. Әсіресе бағаның өсуі халықтың, бизнестің және инвесторлардың девальвациялық күтулерін күшейтсе, бұл ұлттық валютаға кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан теңгенің алдағы қозғалысы базалық мөлшерлеменің төмендеу фактісіне ғана емес, валюталық түсім мен сұраныстың арақатынасына, инфляциялық күтулерге және теңгелік активтердің тартымдылығына байланысты болады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы төмендете ме?
Сарапшының пікірінше, базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендетуге мүмкіндік бар. Алайда бұл, ең алдымен, инфляцияның тұрақты түрде баяулауына байланысты.
Венера Жаналина Ұлттық банк 2026 жылғы 23 қазандағы шешімінен кейін жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені қайта өзгерту ықтималдығы төмен екенін хабарлағанын атап өтті. Келесі отырыс 4 желтоқсанға белгіленген.
Мөлшерлемені одан әрі төмендету үшін жылдық инфляцияның ғана емес, оның тұрақты құрамдас бөліктерінің де баяулауы маңызды. Сонымен қатар халық пен бизнес арасындағы инфляциялық күтулер төмендеуі қажет.
Ұлттық банк тұтынушылық кредит берудің, ішкі сұраныстың, реттелетін тарифтердің, бюджет шығындарының және валюта бағамының өзгерісін де назарда ұстауы керек.
Сарапшы ақша-несие және бюджет саясатының өзара үйлесімділігіне ерекше мән береді. Егер мемлекеттік шығындар өндіріс көлемінен жылдамырақ сұраныс қалыптастырса, жоғары пайыздық мөлшерлемелерге қарамастан, инфляциялық қысым сақталуы мүмкін. Бұл жағдайда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендету мүмкіндігі шектеледі.
Сыртқы экономикалық тәуекелдер де маңызды. Жетекші орталық банктер ақша-несие саясатын қатаңдатса, теңгелік активтердің пайыздық артықшылығы азайып, шетел капиталының келуі баяулауы және ұлттық валютаға қысым күшеюі мүмкін.
Мұнай бағасының құбылуы да Қазақстан экономикасына екі түрлі әсер етеді. Мұнай қымбаттаған кезде экспорттық түсім мен елге келетін валютаның көлемі, әдетте, артады. Бірақ әлемдік энергия ресурстары бағасының өсуі өндіріс пен тасымалдау шығындарын да көбейтуі мүмкін. Ал мұнай бағасының едәуір төмендеуі елге түсетін валютаның азаюына және теңгеге қысымның күшеюіне әкелуі ықтимал.
Бұдан бөлек, әлемдік азық-түлік бағасының өсуі және Қазақстанның сауда серіктес елдеріндегі инфляцияның үдеуі де ішкі бағаға әсер етеді. Мұндай жағдайда инфляцияны қайта жеделдетпей, базалық мөлшерлемені төмендету Ұлттық банк үшін қиындай түседі.
Ұлттық банктің 2026 жылғы қазандағы макроэкономикалық сауалнамасына сәйкес, тәуелсіз сарапшылар жыл соңында инфляция 9,5% болады деп күтеді. Олардың болжамынша, 2027 жылы бұл көрсеткіш 8,3%-ға, ал 2028 жылы 6,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Сауалнамада базалық мөлшерлемеге қатысты медианалық болжам да жарияланған. Сарапшылар оның 2027 жылдың соңында 13,3%, ал 2028 жылдың соңында 11,5% болуын күтеді.
Инфляция мен оған қатысты күтулер тұрақты түрде төмендеген жағдайда, 14-15% аралығы ақша-несие саясатын қалыпқа келтірудің аралық бағдарларының бірі болуы мүмкін. Бірақ мөлшерлемені төмендету теңгелік құралдардың тәуекелдерді ескергендегі нақты табыстылығын сақтауға, кәсіпорындардың арзанырақ қаржыға біртіндеп қол жеткізуіне және ұлттық валютаға деген сенімнің әлсіремеуіне мүмкіндік беретін қарқынмен жүруі керек, - дейді Венера Жаналина.
Сарапшының пайымынша, басты мақсат – базалық мөлшерлемені барынша жылдам төмендету емес. Негізгі міндет – несие қолжетімді бола түсетін, инфляция тұрақты баяулайтын және қаржы нарығының тұрақтылығы сақталатын жағдай қалыптастыру.