20 Қазан 2026, 18:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Несие алуға келгендер артық ақша төлеген: «Экспресс Займға» қатысты тергеу жүріп жатыр

Қазақстанның 18 өңірін қамтыған істің мән-жайы белгілі болды. Мыңдаған клиентке қатысты жасалған шарттар құқық қорғау органдарының назарын аударды.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымында микрокредит беру кезінде азаматтарды жаппай алдау дерегін анықтады. Заңсыз әрекеттің жолы еліміздің 18 өңірінде кесілді. Микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды.

ҚМА-ның Қызылорда облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен тергеу жүргізіп жатыр.

Ақылы қызметті міндетті етіп көрсеткен

Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тамызында «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны берілетін қарыз сомасына қарай белгіленіп, қарыз алушының негізгі берешегіне қосылған.

Клиенттерге бұл қызметтің ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтыны немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған. Алайда ақылы кеңес беру қызметінен бас тартуға болатыны оларға түсіндірілмеген, - деп хабарлады ҚМА.

Осының салдарынан азаматтар қолына алуға тиіс сомадан аз ақша алғанымен, микрокредитті сыйақысымен қоса толық көлемде қайтаруға міндеттелген. Ал қарызды қайтару мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған.

43 мың азаматпен 181 мыңнан астам шарт жасалған

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, барлығы 43 мың азаматпен ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Аталған дерек бойынша микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

Тағы оқи отырыңыз: «Өзбектер!»: «Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйер қыздардың айыппұлын төлейді 

Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты іс тоқтатылды: Полиция тың мәліметті жариялады 

«Альби» ломбардтары заңсыз қарыз берген: Күдіктінің 21 пәтері мен қонақүйі тәркілене ме?