Непалда 22 мың бала шұғыл түрде ауызсуға мұқтаж – ЮНИСЕФ
ЮНИСЕФ мәліметінше, қазіргі таңда 22 мыңнан астам балаға жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін шұғыл көмек қажет.
Непалдағы су тасқыны салдарынан ондаған мың бала қауіпсіз ауызсу мен санитарлық жағдайға қол жеткізе алмай отыр. ЮНИСЕФ мәліметінше, қазіргі таңда 22 мыңнан астам балаға жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін шұғыл көмек қажет.
Табиғи апат су құбыры жүйелері мен санитарлық нысандарды қиратып кеткен. Зардап шеккен аудандардағы отбасылар уақытша орналастыру орталықтарында немесе оларды қабылдаған көршілерінің үйлерінде тұруға мәжбүр. Мұндай жағдайда су арқылы таралатын аурулардың қаупі күрт артып отыр.
Әрбір ата-ана бір ғана сұрақ қояды: суды қайдан алуға болады және оны балаларға беруге қауіпсіз бе? – деді ЮНИСЕФ-тің Непалдағы өкілі Алиса Акунга.
Ол таза су мен гигиенаға қолжетімділікті қамтамасыз ету ұйымның ең басты міндетіне айналғанын атап өтті.
ЮНИСЕФ қазірдің өзінде Расува және Нувакот аудандарындағы шамамен 19 мың адамға көмек жеткізді. Көмек құрамында мыңдаған гигиеналық жинақ, су құятын канистрлер, шелектер, кружкалар, суды тазартуға арналған ерітінділер және брезенттер бар.
Ұйым мемлекеттік құрылымдармен және серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп, радио, әлеуметтік желілер және мобильді мессенджерлер арқылы қауіпсіздік пен гигиена ережелері туралы ақпарат таратып жатыр. Зардап шеккен қауымдарға көмек көрсетуге 600-ден астам маман жұмылдырылған.
Алдағы уақытта ЮНИСЕФ шұғыл сумен қамтамасыз ету көлемін ұлғайтуды, уақытша санитарлық нысандар мен қол жуу орындарын орнатуды, сондай-ақ отбасыларды гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Непалдағы су тасқынынан кейін 5 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жаздық.