Бүгiн 2026, 17:14 Фото: видео кадры

"Не болғанын түсінбедім": Павлодарлық блогердің сөмкесінде пауэрбанк жарылып кетті

Диляраның оқиғасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланды.

Павлодарлық блогер Диляра Хамзинаның сөмкесінде тұрған пауэрбанк аяқ-асты өртеніп, салдарынан қолы күйіп қалған. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол оқиғаның қалай болғанын, ауыр зардаптан қалай аман қалғанын және қазіргі жағдайын баяндады.

Кәдімгі жаттығу күтпеген жағдаймен аяқталды

Диляраның айтуынша, оқиға болған күні ол фитнес-клубқа жаттығуға барған. Сабақтан кейін жиенімен бірге түскі ас ішуге шықпақ болған. Алайда ол клубта штативін ұмытып кеткенін есіне түсіреді. Алғашында штативті ертең алып кетемін деп ойлағанымен, жиені түсірілім үшін қажет болып қалуы мүмкін екенін айтып, қайта оралуға көндірген.

Залға қайта кірген Диляра телефонын диванға қойып, аяқ киімін ауыстыра бастаған. Сол сәтте тарс-тұрс еткен дыбыстарды естиді.

Не болып жатқанын түсінбедім. Айнала жым-жырт, тек жарылғандай дыбыстар ғана естілді. Сол кезде сөмкемнің жанып жатқанын аңғардым, – дейді ол.

Қыз сөмкені иығынан шешіп тастауға тырысқан. Оның айтуынша, фитнес-клуб қызметкерлері дереу әрекет етіп, жағдайды бақылауға алуға көмектескен.

Клуб қызметкерлеріне алғысым шексіз. Мен сөмкені лақтырып тастап, қауіпсіз жерге қаштым, – дейді Хамзина.

Алғашында өртті өрт сөндіргішпен өшіруге әрекет жасаған. Алайда сөмке жана берген. Кейін оны сыртқа шығарып, сол жерде өрт толық сөндірілген.

Пауэрбанк қуат көзіне қосылмаған күйде тұтанған

Оқиғадан кейін Диляра жедел жәрдеммен күйік орталығына жеткізілген. Оның айтуынша, қолдары қатты ашып ауырған. Дәрігерлер ауруханаға жатуды ұсынғанымен, блогер емді үй жағдайында жалғастыруды жөн көрген.

Мені бірден ауруханаға жатқызбақ болды, бірақ мен бас тарттым. Өзімді анамның үйінде болғанда жайлырақ сезінемін, – дейді Хамзина.

Блогердің сөзінше, пауэрбанк тұтанған кезде ешқандай құрылғыға қосылмаған әрі ештеңені қуаттап тұрмаған.

Ол жай ғана сөмкемде жатқан. Мен зарядтау құрылғыларына әрдайым мұқият қарайтынмын. Тіпті түнде бір нәрсе тұтанып кетпесін деп барлық құрылғыны тоқтан ажыратып қоятынмын. Бірақ күтпеген жағдай күндіз болды, – дейді ол.

Диляра мұндай құрылғыларды таңдағанда өте сақ болуға, олардың бетінде жарық, майысу немесе басқа да зақымдардың бар-жоғын тексеруге және техниканы ыстық жерде қалдырмауға кеңес берді.

Қазір Диляраның жағдайы қандай?

Қыздың айтуынша, оқиғадан кейінгі алғашқы екі күнде жағдайы бірқалыпты болған. Алайда үшінші күні ауырсыну күшейе түскен.

Алғашқы екі күн шыдауға болатын еді. Бірақ үшінші күні қатты ауыра бастады. Тезірек сауығып кетемін деп үміттенемін, – дейді Хамзина.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы да күйік орталығындағы тексеруден кейін қыздың ауруханаға жатудан бас тартқанын растады.

Ол азаматша ауруханаға жатудан бас тартты, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Диляраның оқиғасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланды. Оның болған жағдай туралы видеосын 150-ден астам адам сторисінде бөліскен. Сонымен қатар мыңнан астам қолданушы оған хабарлама жазып, пауэрбанктің қызып кетуі немесе тұтануына қатысты өздерінің ұқсас оқиғаларын айтып берген.

Еске салайық, бұған дейін Ресейде лифт ішінде бойжеткеннің сөмкесіндегі пауэрбанк жарылды.

Тағы оқи отырыңыздар:

Петропавлда қуаттауға қойған телефоннан өрт шықты

Тағы бір әуе компаниясы бортта гаджеттерді пайдалануға тыйым салды