Назарбаев өз өкілеттілігін тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы барысында айтты.
Елбасы туралы Конституциялық заңға сәйкес маған өмір бойы ҚХА-ны басқару құқығы тиесілі екені белгілі. Бірақ мен бас тартпаймын, мен әрқашан сіздермен біргемін. Бірақ бірқатар өкілеттік еліміздің Президентіне жүктелген. ҚХА қазіргі Президенттің жанында тірек ретінде тұруы керек. Мемлекет басшысы да ҚХА-ға сүйенеді. Мен ҚХА-ны басқару құқығын Тоқаевқа беруді шештім, - деп мәлімдеді Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Ассамблеяның ерекше маңызы бар институтқа айналғанын мақтан тұтатынын жеткізді.
Өз тарапымнан қосарым, Тәуелсіздік жылдары басында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық өлшем бойынша ерекше әрі мемлекеттік институт болғанын мақтанышпен айтамын. Осы қиын жылдар аралығында Ассамблея тарихи миссиясы мен тиімділігін көрсетті. Бүгінгі шешім Ассамблея қызметіне септесіп, Президентімізге жұмысты, елдің алдағы жоспарларын жүйелі жүргізуге көмектесетініне сенімдімін, - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған стратегиялық мақсаттарға жету үшін Ассамблея мүшелерін әлі де белсенді ауызбірлік көрсетуге шақырды.
30 жыл ішінде еліміз бірталай белесті бағындырып келеді. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Дегенмен, мемлекетіміздің алар асуы әлі алда деп білемін. Мен алға қойған стратегиялық мақсаттарға жету үшін Ассамблея мүшелерін әлі де белсенді ауызбірлік көрсетуге шақырамын. Біртұтас халқымыздың жарқын болашағы үшін бізде барлық мүмкіндік бар екеніне нық сенімдімін. Тәуелсіздігіміз және ынтымақ пен келісімді өмір сүруге деген ортақ ұмтылысымыз соның айғағы, - деді ол.Бұған дейін, Елбасы қазақ тілін білуге, түсінуге деген ұмтылыс өте жақсы екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол елдегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын, соның аясында Қазақстан халқы ортақ мақсаттар мен ортақ тілек аясында топтасқанын жеткізді.
Айта кетейік, сессияның күн тәртібіне шығарылған тақырып - «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы». Сессия жұмысына онлайн форматта 600-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.