Нарыққа кәсіби қатысушылар да теңгенің бағамы неге байланысты екенін түсінбейді – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша шаралар әзірлеу керегін айтты.
Депутат осыған қатысты Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігіне сауал жолдады.
2021 жылғы қараша мен желтоқсанда валюталық сауда-саттық көлемі 3,6 және 4,2 млрд долларды құрады. 2022 жылғы 12 – 31 қаңтар аралығында – 2,5 млрд доллар. Сомасында – соңғы 3 айда 10 млрд АҚШ доллары. Бұл Қазақстан тарихындағы валюталық сауда-саттықтың орасан зор көлемі. Әрі осы сауда-саттықтың басым бөлігі Ұлттық банктің қатысуымен өткізілді, - дейді депутат.
Оның сөзінше, теңгенің бағамын ұстап қалу үшін 2022 жылғы 12 және 13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенцияларының көлемі 240 млн АҚШ долларын құрады. Ал бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50%-ы. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда да жүргізді. Олар бойынша сальдо 500 млн АҚШ долларына жуық болды.
2022 жылғы қаңтардағы валюталық интервенциялар туралы деректер әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Алайда бұл цифрлардың өзі де ауқымдылығымен таңғалдырады. Көлемі бойынша оларды Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарымен салыстыруға болады. Кімнің мүддесінде интервенциялар жүргізіліп, резервтер жұмсалды? Бұл импорттық мәмілелерді жүргізу үшін емес, алыпсатарлық сұранысты қанағаттандыру үшін жасалды. Қарапайым сөзбен айтқанда, ақшасы барлар долларды Ұлттық банк есебінен «жақсы бағам» бойынша сатып алды. Әрі бұл ақша шетелге шығарылған сияқты, - деп айтты Аманжан Жамалов.
Оның мәліметінше, елімізге резервтер елдің қажеттілігі үшін жеткілікті импорт көлемін қамтамасыз ету және сыртқы қарыздар бойынша төлемдерге кепілдік беру үшін қажет, осының өзі валюталық бағамды тұрақтандыратын мықты фактор.
Өкінішке қарай, теңге бағамының тұрақтылығы оның тұрақты құлдырауын білдіреді. Сөзі мен ісі арасында қайшылық туындайды. Еркін нарықтық бағамды декларациялай отырып, Ұлттық банк белсенді түрде әрі кімнің пайдасына екені белгісіз интервенциялар жүргізеді. Ұлттық банктің орындауындағы еркін құбылмалы бағам елес сияқты – бәрі ол жөнінде айтады, бірақ оны ешкім өз көзімен көрмеген. Тіпті нарыққа кәсіби қатысушылар да теңгенің бағамы неге байланысты екенін түсінбейді. Мұнай бағасы өседі немесе төмендейді, бағам өзгермейді немесе мүлдем басқа жаққа қозғалады, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Жамаловтың айтуынша, Ұлттық банк валюта нарығына араласады, бірақ өзі бағамның қандай нысаналы мәндерін қолдайтынын түсіндірмейді. Екінші жағынан, еркін құбылмалы бағам туралы мәлімдейді.
Бағамның алдын ала болжап білуге болмайтыны оған деген сенімсіздіктің басты себебіне айналды. Сондықтан адамдар үнемі девальвацияны күтумен өмір сүреді, - дейді ол.
Депутат жоғарыда келтірген мәселелер негізінде өз ұсынысын айтты:
- Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша шаралар әзірлеу;
- Ұлттық банк басқа елдердегідей, валютаны сату мен сатып алуды қоса алғанда, күн сайынғы негізде валюталық интервенциялар туралы деректердің жариялануын қамтамасыз ету;
- Қаржылық мониторинг агенттігі валютаны сату мен сатып алуды қоса алғанда, соңғы 3 айдағы валюталық интервенциялар туралы ақпаратты талдау қажет.