Ноғаев: Экология проблемасы Атырау облысының барлық тұрғынын алаңдатады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда облыстық мәслихаттың кезекті және биылғы қорытынды сессиясы өтті. Сессия барысында депутаттар аймақтың үш жылдық бюджетін мақұлдады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиевтің айтуынша, алдағы жылғы облыс бюджеті - 382,5 млрд теңге, 2021 жылы – 398,8 млрд теңге, 2022 жылы - 416,1 млрд теңгеге артады.
Облыстық мәслихат депутаттары аймақтың үш жылдық бюджетін бірауыздан мақұлдады.
Халық қалаулылары Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Абай Сафиннің есебін қызу талқыға салды. Өңірдің бас экологы айтқан мәліметке сүйенсек, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар көп тастайтын бірінші санаттағы 147 табиғат пайдаланушы биыл табиғат қорғау шараларына 24,7 млрд теңге жұмсауы керек болған. Оның басым бөлігі – 20 млрд теңге – ТШО (4 млрд), АМӨЗ (2 млрд), НКОК (14 млрд) үлесінде. Депутаттар жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігіне сенімсіздік білдірді. Мысалы, НКОК ақпа суды тазарту зауытының құрылысына 12 млрд теңге бөлуге міндетті болған. Бірақ, жоба іске аспады. Көгалдандыру бағытындағы жұмыстар да сынға ұшырады. Облыстық экология департаментінің басшысы табиғат қорғау шараларына қаражат бөлу мен игеру, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат мәселелері экологиялық реттеу және бақылау комитетінде шешіліп жатқанын айтты және қазір экологиялық кодекске өзгертулер дайындалып жатқанын, бұзушылықтар үшін қолданылатын шара күшейтілетінін атап өтті.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қоршаған орта жағдайына қатысты мәселеге назар аударып, облыстың бас экологының ұстанымымен келіспейтінін айтты.
Біз қазір комитетте экологиялық кодекске түзетулер дайындалып жатқанынан хабардармыз, бірақ оған үн қоспай отыруға болмайды. Сіздердің міндеттеріңіз - жергілікті жерде табиғат қорғау шараларының орындалуына, бұзушылықтарға бақылау жасау, – Экология проблемасы Атырау облысының барлық тұрғындарын алаңдатады. Адамдар күн сайын Telegram чатта экология проблемасы, жағымсыз иістер, олардың денсаулыққа әсері туралы жазады. Біз алдымен осы мәселені шешуіміз керек. Өндіріс толығымен экологиялық жағынан қауіпсіз бола алмайтынын жақсы түсінемін, бірақ, сіздер де табиғатқа келтірілетін залалды азайтудың жолдарын табуға тиіссіздер.- деді облыс әкімі экология департаментінің басшысына.Әкім қазір нақты шаралар қолдануға қажет барлық тетік бар екенін, бұл жағдаймен тек бір адам, бір басқарма айналыспауы керек екенін атап өтті.
Қоршаған ортаны таза ұстауға, адамдардың өмірлері мен денсаулықтарына теріс әсер ету деңгейін төмендетуге бағытталған табиғат қорғау шаралары жүйелі негізде жасалуы керек. Оған облыстың барлық тұрғыны, жергілікті атқарушы билік пен жер қойнауын пайдаланушылар қатысуы тиіс. Қазір ірі кәсіпорындармен біздің ықпал етуімізбен белгілі бір жұмыстар жүріп жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз, жұмыс үздіксіз іске асуы керек, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.Облыс әкімі депутаттар мен жергілікті атқарушы биліктің бірлесіп атқарған жұмысы аймақтың дамуын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
Облыста жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, рефрақұрылым дамуда. Мұның бәрі уақытында қаржыландыруға және бюджет қаражатының жұмсалуына бақылаудың сапалы жүргізілуіне байланысты. Болашақта да өңір экономикасын дамытып, әлеуметтік салаға маңыз беруді жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының өңірлік бюджеттің жартысынан астамын әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау туралы тапсырмасы бар. Біз бүгін алдағы үш жылдың бюджетін бекіттік. Келер жылы бюджеттің 71% әлеуметтік саланы дамытуға бағытталады, одан кейінгі екі жылда бұл көрсеткіш тағы да көбейеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сессияда "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасын іске асыру, білім беру, денсаулық сақтау салаларында мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде қолға алынған жобалар мәселелері де қаралды.