Бүгiн 2026, 13:50 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мұнай, НАТО және Ормуз: Әлем жаңа кезеңге өтті ме?

Сарапшылар Ормуз бұғазындағы шиеленістің мұнай бағасына, әлемдік экономикаға және Қазақстанның логистикасы мен импортына қалай әсер етуі мүмкін екенін талдап берді.

Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай әлемдік нарықтағы басты қауіптердің біріне айналды. Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының өсуі Қазақстанға қысқа мерзімде тиімді көрінгенімен, ұзақ мерзімде импорттың қымбаттауы мен жаңа экономикалық дағдарыс қаупін күшейтуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ормуз бұғазы: жабық па, ашық па?

Соңғы күндері Ормуз бұғазы маңындағы жағдай халықаралық саясаттағы ең қызу тақырыптардың біріне айналды. Әлемдік БАҚ-та бұғаздың жабылуы мүмкін екені туралы ақпарат жиі тарай бастады. Бұл – әлемдік мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі болғандықтан, жағдай жаһандық экономикаға тікелей әсер етеді.

Қазақстандық мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қазіргі жағдайды «Шредингер бұғазына» теңеді.

Бұғаздағы жағдай қазір сәнге айналған сөзбен айтқанда, Шредингер бұғазын еске салады. Яғни ол бір мезетте әрі жабық, әрі ашық сияқты. Мониторинг деректеріне және әлемдік агенттіктердің хабарламаларына қарасақ, Ормуз бұғазы арқылы қозғалыс әлі де жалғасып жатыр. Жақында ғана бір күннің ішінде шамамен 30-40 кеме өткендігі туралы ақпарат тарады. Әрине, бұл бұрынғы ағынмен салыстырғанда өте аз. Бұрын ол жерден күніне шамамен 150 кеме өтетін. Бірақ соған қарамастан кемелер қозғалысын тоқтатқан жоқ, кіріп-шығып жатыр. Оның ішінде мұнай танкерлері де бар. Дегенмен жеткізілімге қатысты белгілі бір дағдарыс бары анық, – деп атап өтті сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бүгінде әлемдік нарықта нақты белгісіздік қалыптасты. Бір жағынан бұғаз толық жабылған жоқ. Екінші жағынан бұрынғыдай тұрақты тасымал көлемі де сақталмай отыр. Мұндай жағдайда мұнай бағасының құбылуы қалыпты құбылысқа айналған.

Мұнай қымбаттағанымен, Қазақстан үшін қауіп аз емес

Олжас Байділдинов қазіргі ахуалда Қазақстан үшін біржақты пайда жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, мұнай бағасының өсуі бюджетке қосымша табыс әкелуі мүмкін. Бірақ бұл артықшылық ұзаққа созылмауы ықтимал.

Біз үшін жағымсыз тұстардың бірі – Оңтүстік-Шығыс Азиядан немесе Қытайдан келетін тауарлардың бір бөлігі логистикалық тұрғыдан қымбаттайды. Әдетте Қытайдан Қазақстанға жүк теміржол арқылы жеткізіледі, ал Шығыс жағалаудан шығатын тауарлар бұғаз арқылы Әмірліктерге барып, одан кейін Қазақстанға жөнелтіледі. Қазіргі жағдайда бұл бағыттағы логистика қымбаттап жатыр. Мұнай өндіруші мемлекет ретінде мұнай бағасының өскені бізге белгілі бір деңгейде тиімді екені рас. Бірақ мұнай бағасының өсуі жалпы экономиканың өсімімен қатар жүруі керек екенін түсіну қажет. Ал қазір керісінше жағдай қалыптасып отыр. Яғни мұнай қымбаттап жатыр, бірақ кейбір елдер энергетикалық, кейін қаржылық дағдарысқа тап болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстан үшін негізгі қауіп – импорттың қымбаттауы. Себебі энергия бағасы көтерілген сайын логистика да, өндіріс шығындары да өседі. Бұл түптің түбінде қарапайым тұтынушыға әсер етеді.

Бұл біз үшін импорттың қымбаттауын білдіреді. Азық-түлік те, жоғары технологиялық тауарлар да қымбаттайды. Біз тек Азиядан ғана емес, Еуропадан да көп көлемде тауар импорттаймыз. Әрине, олар үшін энергия мен логистика қымбаттаған сайын, бұл импорттың бәрі бізге де қымбат болып келеді. Сондықтан бұл жағдайдың біз үшін минусы көп. Мен басынан бері қазіргі ахуалдың Қазақстан үшін айқын артықшылығы жоқ екенін айтып келемін. Иә, бюджет қосымша табыс табуы мүмкін. Бірақ қарапайым тұтынушы үшін импорт қымбаттайды, – дейді Олжас Байділдинов.

«Әлем жаңа кезеңге өтіп жатыр»

Саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық сарапшы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Арас қазіргі қақтығыстарды әскери немесе экономикалық тұрғыдан ғана емес, тарихи және өркениеттік деңгейде қарастыру керек деп есептейді.

Қазір әлемде бұрынғыдай жабық саясат жүргізу мүмкін емес. Өйткені бүгінгі таңда әлемде не болып жатқанынан бейхабар отыру қиын. Ақпараттық технологиялар мен байланыс желілері дамыған заманда кез келген адам әлемнің қай түкпірінде не болып жатқанын әп-сәтте біле алады. Сондықтан бүгінде мұндай саясатқа әлем халқының реакциясы да өзгере бастады. Бірақ қазіргі үдерістерді түсіну үшін тарихи кезеңдерге назар аудару керек. Осыдан шамамен 800–900 жыл бұрын басталған Крест жорықтары кезінде Анадолы мен ислам әлемі үлкен қақтығыстарды бастан өткерді. Тарихшылардың жазуынша, ол кезеңдерде Құддыс пен аймақта ауыр қантөгістер болған, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, кейінгі ғасырларда да табиғи ресурстар мен стратегиялық аймақтар үшін күрес тоқтаған жоқ.

Жақында болған Ирак соғысын еске алыңыздаршы. Иракқа демократия әкелу туралы айтылды, бірақ соғыс ауыр салдарға алып келді. Ауғанстанда да, Вьетнамда да осындай жағдайлар болды. Қорыта айтқанда, мұндай қақтығыстар адамзат үшін үлкен зардап әкеледі. Бірақ бүгінде халық мұндай жағдайларға бейжай қарамайды. Меніңше, Иран төңірегіндегі қақтығыста олар күтпеген қарсылыққа тап болды. Бұрын Иракта жасаған сценарийін дәл сол күйі қайталаймыз деп ойлады, – дейді Бахтияр Мурат Арас.

Түркі әлемі үшін жаңа мүмкіндік пе?

Халықаралық сарапшы қазіргі жағдай түркі мемлекеттері үшін жаңа экономикалық мүмкіндікке айналуы мүмкін екенін де жасырмайды. Оның пікірінше, Парсы шығанағындағы тұрақсыздық жаңа сауда бағыттарын іздеуге мәжбүрлейді.

Өйткені Парсы шығанағындағы дағдарыс жаңа сауда жолдарын іздеуге мәжбүрлейді. Қытай мен Батыс арасындағы көпір қайда орналасқанын қарасақ, оның бәрінде Түркістан мен түркі мемлекеттері тұр. Сондықтан түркі елдері сыртқы саясатта өзара кеңесіп, бірлік пен ынтымақ аясында жаңа стратегия қалыптастыруы керек. Қақтығыс емес, көрші елдермен достық қарым-қатынас орнатып, сауда мен тұрақтылыққа негізделген саясат жүргізуі қажет. Осы уақытқа дейін түркі әлемінде дәл осындай көзқарас басым болғанын көріп отырмын. Сондықтан бұл кезең бүкіл түркі мемлекеттері үшін жаңа мүмкіндік ашады деп сенемін, – деді спикер.

Сарапшы қазіргі әлемдегі негізгі қауіптердің бірі ақпараттық ықпал мен жасанды интеллект арқылы жүретін идеологиялық қысым болуы мүмкін екенін де айтты.

Қазір жасанды интеллект пен виртуалды әлем арқылы адамдарға түрлі ақпарат тарату мүмкіндігі күшейді. Бұл алгоритмдерді басқаратын күштер тіпті үйдегі балалардың да көзқарасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүгін түркі мемлекеттері үшін ең маңызды мәселе – осы жасанды интеллект алгоритмдеріне аса сақ болу. Ол арқылы қандай хабар таратылып жатыр, қандай мақсат көзделіп отыр – мұның бәрін терең зерттеу қажет. Бізге мықты ғалымдар мен зерттеушілер керек, – дейді Бахтияр Мурат Арас.

Сондай-ақ алдағы кезеңдегі негізгі күрес адамдардың санасына әсер ету арқылы жүруі ықтимал деп отыр. Сондықтан түркі мемлекеттері жастар тәрбиесіне және ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуы қажет.

Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазы төңірегіндегі қазіргі жағдай уақытша геосаяси шиеленіс қана емес. Бұл алдағы кезеңде әлемдік логистика, энергетика және экономикалық тепе-теңдікке ықпал ететін үлкен өзгерістердің бастамасына айналуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанға қосымша табыс әкелуі мүмкін екені хабарланды. Алайда бұл жағдаймен қатар логистикаға түсетін салмақ артып, инфляция күшеюі, теңге бағамына қысым түсуі және кейбір тауарлар мен қызмет түрлерінің қымбаттауы ықтимал.