9 Маусым 2026, 12:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Шетелдік инвесторлар Қазақстанда қай салаларға ақша құйып жатыр?

Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдер де аталды.

Қазақстан экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың құрылымы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын инвесторлар негізінен мұнай-газ және тау-кен секторына қаржы құйса, бүгінде олардың қызығушылығы сауда, өңдеу өнеркәсібі мен қаржы саласына ауып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, ел экономикасы соңғы 10-15 жылда әлдеқайда әртараптандырылған.

2010 жылы мұнай өндіру саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 16,5 пайыз болса, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 8,1 пайызға дейін төмендеді. Яғни мұнай өндіру саласының экономикадағы үлесі 15 жылда екі еседен астам қысқарды, – деді ол.

Арман Қасеновтің сөзінше, бұл өзгеріс шетелдік инвестициялар құрылымынан да анық байқалады.

Ең көп инвестиция сауда саласына құйылған

Вице-министрдің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд доллар болған. Оның ішінде ең ірі үлес көтерме және бөлшек сауда саласына тиесілі болған. Бұл секторға 4,8 млрд доллар инвестиция тартылған.

Екінші орында өңдеу өнеркәсібі тұр. Аталған салаға 4,4 млрд доллар көлемінде қаржы құйылған. Үшінші орынға қаржы және сақтандыру қызметі жайғасқан. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 4,3 млрд доллар болған.

Сондай-ақ ақпарат және байланыс саласы 1,4 млрд доллар инвестиция тартқан. Ал алғашқы бестікке кірген тағы бір бағыт – көлік және қоймалау саласы. Бұл секторға 977 млн доллар көлемінде инвестиция келген.

Арман Қасеновтің айтуынша, өткен жылдың қорытындысында ең көп инвестиция тартқан бес саланың қатарына тау-кен өндірісі кірмеген.

Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдер аталды

Вице-министр Қазақстанға қаржы құйған негізгі елдерді де атады. Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға ең көп инвестиция салған ел – Нидерланд. Бұл елден келген инвестиция көлемі 4,6 млрд долларды құраған. Бір жыл ішінде көрсеткіш 25 пайыздан астам өскен.

Екінші орында Ресей тұр. Ресейден келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2,9 млрд доллар болған. Алайда бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төмендеген. Үшінші орынға Қытай жайғасқан. Қытайлық инвестиция көлемі 2,8 млрд долларға жеткен.

Қытайдан келген инвестиция көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 2,4 есе өсті, – деді Арман Қасенов.

Вице-министрдің пікірінше, бұл көрсеткіштер Қазақстан экономикасының жаңа бағыттарға бет бұрып жатқанын және шетелдік инвесторлардың дәстүрлі шикізат секторынан бөлек басқа салаларға да қызығушылығы артқанын көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстанға құйылған шетелдік инвестиция көлемі күрт өсіп, 20,5 млрд долларға жеткені айтылды. 

Оқи отырыңыздар:

Үкімет "Бәйтерекке" бөлінетін қаржыны екі есе арттырмақ

Қазақстанда вольфрам жобасына 1,1 млрд доллар инвестиция салынады