Мұғалімді балағаттаған оқушының анасына айыппұл салынды

Мұғалімге құрметсіздік танытқаны үшін оқушының анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жамбыл облысының кәмелетке толмаған істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі бойынша оқушының анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

Белгілі болғандай, Жаңатас қаласының мектеп-гимназиясының кәмелетке толмаған оқушысы, ағылшын тілі мұғалімінің сыныпқа екінші сабаққа бару туралы өтінішіне дөрекілікпен жауап берген. Сабаққа барудан бас тартқан. Сондай-ақ, мұғалімге былапыт сөздер айтқан. 

Осыған байланысты оның анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Сот сонымен қатар жыл басында анасы ұлының осындай әрекеті үшін жауапқа тартылғанын анықтады.

ӘҚБтК 127-бабы 2-бөлігінің санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сотта баланың анасы кінәсін толық мойындап, кешірім сұрап және болашақта мұндай оқиғалардың алдын алуға уәде берді. Сот кінәні мойындауын, отбасылық және материалдық жағдайын ескере отырып, айыппұл сомасын 30%-ға азайтты. Сот қаулысымен С. ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 41 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды, - деп хабарлады Жамбыл облысы сотының баспасөз қызметі. 

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін табысын көбейтуді ойлаған мұғалім 20 млн теңгесінен айырылып қалғанын жаздық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы