Мұғалімдерге қосымша ақы төленеді
Қазақстанда педагогтердің нақты табысы үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді.
Қазақстанда педагогтердің нақты табысы үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұл мәселені ОКҚ-да өткен брифингте журналистердің бірі көтеріп, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы деректерге сәйкес, педагогтердің нақты табысы қатарынан үшінші жыл төмендеп отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,1%-ға азайған. Ал орта білім беру саласында төмендеу деңгейі 6,1%-ды құраған.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда мұғалімдердің жартысына жуығы 1,5 жүктемемен жұмыс істейді. Бұл табысты сақтау үшін қосымша жүктеме алуға мәжбүр екенін көрсетеді.
Осыған байланысты брифинг барысында аттестация жүйесінің педагогтердің табысын арттырудағы рөлі және оның тәуекелдері туралы сұрақ қойылды. Атап айтқанда, жаңа талаптар санаттан айырылу қаупін күшейтіп, табыстың төмендеуіне әкелуі мүмкін бе деген мәселе көтерілді.
Бұл сұраққа жауап берген Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтердің жалақысы соңғы жылдары айтарлықтай өскенін атап өтті.
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғалы бері мұғалімдердің жалақысы екі есе артты. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы да көбейді, - деді вице-министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, заң аясында бірқатар қосымша төлем қарастырылған.
Біліктілік санаты үшін, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді, - деді Шынар Ақпарова.
Вице-министр педагогтің табысы оның оқу жүктемесіне тікелей байланысты екенін де атап өтті.
Егер мұғалімнің апталық жүктемесі азайса, сәйкесінше жалақысы да төмен болады. Әр жағдай жеке қаралуы керек. Нақты фактілер ұсынылса, бұл мәселені міндетті түрде қараймыз, - деді ол.
Бұған дейін мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылғаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқанын жаздық.