Мұғалімдерді артық есептен босату, ғылымды дамыту: Профессор жолдаудағы міндеттерді атады
Қазақстанның жаңа даму кезеңінде мемлекет пен қоғам өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, алдағы сын-қатерлерден озық болуы керек. Бұл ретте заңнаманы жаңарту, білім мен ғылымды дамыту, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және ұлттық бірлікті нығайту маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Алуа Ибраева Президент жолдауындағы негізгі басымдықтарға осылайша баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Профессордың айтуынша, Мемлекет басшысының жолдауы – алдағы кезеңдегі мемлекет, қоғам және әрбір азамат қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Биылғы жолдаудың басты ерекшелігі – стратегиялық тұрғыдан озық даму ұстанымына басымдық берілуі.
Қазір әлем өзгерді. Жаңа қауіп-қатерлер мен тәуекелдер пайда болды. Әлем көпполярлы сипатқа ие болып келеді. Қазақстан бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан Қытаймен көршілес орналасқан. Сонымен қатар еліміз халықаралық аренада орта держава ретінде танылды. Сондықтан мемлекетіміздің дамуы стратегиялық тұрғыдан озық болуы керек. Меніңше, бұл – осы жолдаудың негізгі идеясы, - деді Алуа Ибраева.
Жаңа Конституция заңнаманы жаңартуды талап етеді
Профессор Президент жолдауында көтерілген маңызды мәселелердің бірі ретінде заң шығару қызметін жетілдіруді атады.
Оның сөзінше, 15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтар жаңа Конституцияны қолдады. Негізгі заңның жаңаруымен бірге жаңа институттар қалыптасып, Құрылтай өз жұмысын бастады. Осыған байланысты заңнаманы да жаңғырту қажеттігі туындап отыр.
Алуа Ибраева Конституциядан кейінгі маңызды құқықтық құжаттардың бірі – Азаматтық кодекс екенін атап өтті. Себебі ол азаматтардың мүліктік қатынастарын, тұрғын үйге, кәсіпкерлікке және жеке меншікке қатысты мәселелерді реттейді.
Профессордың пікірінше, қоғамдық қатынастар өзгерген сайын заңнама да соған сәйкес жетілдірілуі керек. Бұл, әсіресе, салық және азаматтық заңнамаға қатысты.
Заң шығару жұмысына өте мұқият қарау қажет. Заңнама қоғамдық қатынастарға сәйкес болуы керек. Қажет болған жағдайда оны жетілдірген жөн. Мемлекет басшысының жаңа кодекс бір рет қабылданып, мәңгі өзгеріссіз қалатын құжат емес деген пікірімен келісемін. Егер қоғамдық қатынастар соны талап етсе, салық және азаматтық заңнаманы да жаңарту мәселесі қарастырылуы керек, - деді ол.
Оның айтуынша, кез келген құқықтық өзгерістің негізгі мақсаты – адамның құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау. Сонымен қатар заңнама қоғамдағы өзгерістер мен жаңа сын-қатерлерден озық болуы тиіс.
Білім мен ғылымда жастарға басымдық берілуі керек
Алуа Ибраева Президент жолдауындағы тағы бір маңызды бағыт – білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан халқының басым бөлігін жастар құрайтындықтан, олардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына және болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік жасау қажет.
Профессор педагогтердің мәртебесін көтеру мәселесін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұғалімнің басты міндеті – есеп беру емес, баланы оқыту, тәрбиелеу және тұлға ретінде дамыту.
Жолдауда педагогтердің мәртебесін көтеру қажеттігі нақты айтылды. Мұғалімдердің артық есептілігін қысқарту керек. Олардың негізгі міндеті – баланы оқыту, тәрбиелеу және тұлғалық дамуына ықпал ету. Сонымен қатар университеттік ғылымды нығайтып, жас зерттеушілерді қолдау және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу қажет. Бұл – университет ғылымына да бағытталған маңызды міндет, - деді профессор.
Жасанды интеллект адамға зиян келтірмеуі керек
Алуа Ибраева цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, цифрландыру қазір өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Алайда оны енгізу өз алдына мақсат болмауы керек.
Профессор цифрлық технологиялар экономиканың тиімділігін арттырып, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге қызмет етуі қажет екенін айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект заңнама мен басқару жүйесіндегі олқылықтарды, қайшылықтар мен артық бюрократияны анықтауға көмектесе алады.
Цифрландыру – түпкі мақсат емес. Ол ең алдымен экономиканың және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру құралы болуы керек. Жасанды интеллект адамның игілігіне қызмет етуі тиіс. Ол адамға көмектесуі керек, оған зиян келтірмеуі қажет. Сонымен қатар жасанды интеллектіні теріс мақсатта да пайдалануға болатынын ұмытпауымыз керек, - деді Алуа Ибраева.
Профессор жолдаудағы ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершілік мәселелеріне де тоқталды. Оның пікірінше, әлемде түрлі геосаяси және әлеуметтік өзгерістер болып жатқан кезеңде Қазақстан халқының бірлігі ерекше маңызға ие.
Алуа Ибраева Конституция преамбуласында Қазақстан халқының бірлігі мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке басымдық берілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, елді дамыту, жол салу, инфрақұрылымды жақсарту және азаматтардың өмір сапасын арттыру – ортақ міндет. Бұл ретте патриотизм ұранмен шектелмеуі керек.
Нағыз патриотизм тек сөзбен көрінбейді. Ол – жасампаз істер, заңды сақтау, адал еңбек ету және табиғатқа жанашырлықпен қарау. Бізде «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары бекерден-бекер көтеріліп отырған жоқ. Мұның бәрі Қазақстанның дамуына, әсіресе жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған, - деді ол.
Профессор сөз соңында Конституцияда бекітілген құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл міндет тек мемлекетке ғана емес, бүкіл қоғамға және әрбір азаматқа жүктеледі.
Бізде конституциялық құндылықтар бар, оларды жүзеге асыру тәжірибесі де қалыптасып келеді. Ендігі міндет – Конституцияда жарияланған қағидаттарды нақты өмірде іске асыру. Мұны мемлекет те, қоғам да, әрбір азамат та жүзеге асыра алады, - деп түйіндеді Алуа Ибраева.
Тағы оқи отырыңыз: Ең төменгі жалақы өсіп, мұғалімдердің жүктемесі азаяды: Үкімет әлеуметтік салада бірнеше жаңалық ұсынды