Моңғолия президенті: Біз киіз тұғырлықты ағайынбыз
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсүх мемлекеттік сапармен елордаға келді.
Моңғолия басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада кездесуінде қайта қауышып отырғанына қуанышты екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Гүлденіп, дамып келе жатқан әсем елмен және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, тарихы, мәдениеті мен әдет-ғұрпымен жақыннан танысқанымызға қуаныштымыз. Бұл сапар көшпелі өркениет, тарихи құндылықтар мен байланыстарды, екі ел халқы арасындағы достықты одан әрі нығайтып, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге құнды үлес қосатынына сенімдімін. Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады, – деді Моңғолия президенті.
Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанды жақын серіктес ел ретінде есептейтінін айтты.
Қазақстанды біз жақын серіктесіміз, Орталық Азиядағы нық көпір деп санаймыз. Біз киіз тұғырлықты ағайынбыз. Көп жыл жылдан бергі ағайынды халық екенімізді айта кеткім келеді. Экономикалық ынтымақтастығымыз, мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм сияқты көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты қарқынды дамытуға әлеуетіміз зор, - деді ол.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия президентін қарсы алды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.
Сондай-ақ, Тоқаев Ақордадағы кездесу барысында Қазақстанда білім алуға ниетті моңғол жастарына есігіміз әрдайым ашық екенін атап өтті.