Молдовада жанармай тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланды
Жанармай жеткізудегі іркілістерге байланысты енгізілген шешім мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмауға және ел ішіндегі тұрақты қорды сақтауға бағытталған.
Молдова Үкіметі жанармай жеткізудегі іркілістерге байланысты энергетика саласында 30 күн мерзімге төтенше жағдай режимін енгізді. Тиісті шешім 28 шілде, сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында қабылданды.
Молдова премьер-министрі Василе Тофанның айтуынша, елде жанармай бағасы өңірдегі ең төмен деңгейде. Бұған бағаны мемлекеттік реттеу тетігі мүмкіндік беріп отыр.
Осыған байланысты, оның сөзінше, билік ел ішінде мұнай өнімдерінің жеткілікті қорын қамтамасыз етіп, оларды бағасы жоғары көршілес нарықтарға әкетуге жол бермеуі тиіс. Бұл туралы MOLDPRES агенттігі хабарлады.
Азаматтар Молдовадағы бағаның қалай қалыптасатынын толық әрі ашық білуге, сондай-ақ бұл тетіктің артықшылықтары мен кемшіліктерін түсінуге лайық. Сондықтан оны түсіндіріп өтейін. Мысалы, бүгінгі күні дизель отынының ең жоғары бағасы кеше 30 лей 71 бан болды, – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, баға мынадай тәртіппен қалыптасады: Энергетиканы реттеу жөніндегі ұлттық агенттік (НАРЭ) соңғы 14 күндегі халықаралық биржадағы орташа бағаны есептейді. Оған акциз, қосылған құн салығы (ҚҚС) және өндірушілер мен импорттаушылардың логистика мен өзге де шығындарын жабуға арналған бекітілген реттелетін маржа қосылады.
Василе Тофанның пікірінше, осы формуланың басты артықшылығы – Молдовада дизель отынының бағасы өңірдегі ең төмен деңгейде болуы. Себебі елде жанармай бағасы реттеледі.
Кеше дизельдің ең жоғары бағасы 30 лей 71 бан болса, мысалы, нарығы толық еркін әрі реттелмейтін Украинада жанармай құю бекеттеріндегі баға 35 лейге жетеді. Ал Румынияда шамамен 40 лей, – деді премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы төмен бағаны сақтаумен қатар, елдегі жанармай қорының жеткілікті болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.
Жақсы жағы – бізде баға ең төмен. Бірақ ең төмен баға жағдайында, әсіресе дизель тапшылығы туындағанда, жанармай көлемі бағасы жоғары нарықтарға кетіп қалады, – деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі міндет – тұтынушылар мен ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мүмкіндігінше төмен бағаны сақтай отырып, мұнай өнімдерінің тапшылығына жол бермеу. Яғни жанармай көлемі бағасы жоғары еркін нарықтарға кетіп қалмауы керек.
Тағы да қайталап айтамын: реттелетін баға жүйесі бар жалғыз ел – біз. Румыния мен Украинада жанармай бағасы толықтай ырықтандырылған. Біз осы реттеу тетігін сақтап қалуды көздеп отырмыз. Бағаны бақылауды жалғастыру, бағадағы теңгерімсіздікке жол бермеу және сонымен бірге елдегі жанармай көлемін дұрыс басқару біз үшін өте маңызды. Сонда ғана олар бағасы жоғары өңірлерге кетіп қалмайды, – деп түйіндеді Молдованың үкімет басшысы Василе Тофан.
Еске салайық, бұған дейін Украина мен Молдова ЕО мүшелігіне тағы бір қадам жақындағаны хабарланды.