Министрлік өкілі Қорғалжында 154 киікті атқан браконьерлерге қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғалжында 154 ақбөкенді атқан браконьерлердің ісіне қорықшының қатысы болған деген күдік бар. Екі инспектор киікті атуға көмектесуі мүмкін. Бүгін Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов бұл заңсыз әрекетке қатысты түсініктеме берді.

Ол факті өздеріңізге белгілі. Жалпы 154 киіктің саны анықталған болатын. Қорғалжын қорығындағы 154 ақбөкенді ату әрекетіне қатысты тергеу істері аяқталып, сотқа жолданды. Енді, соттың қарауымен шешім қабылданатын болады. Қорық инспекторлары өздернің қызметін асыра пайдаланып, жеке мүддесі үшін әрекет еткен болар. Қызмет бабын пайдаланып сондай қылмысқа барған. Қалай және неліктен бұған жол бергені жөнінде жуырда белгілі болады. Тергеу бітті, енді материалдар сотқа жолданды. Бұрын да мұндай фактілер орын алған. Бірақ осыдан шамамен 5-7 жыл бұрын болған еді, - деп жауап берді комитет төрағасы тілшілер қойған сауалға.

Бұл орайда айта кетейік, браконьерлер тобының Қорғалжын қорығындағы 154 ақбөкенді ату әрекетіне мемлекеттік инспекторлардың қатысы бары дәлелденді. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы директорының сөзіне сүйенсек, қорық аумағының ішінде мүйізі кесілген 154 өлі ақбөкен табылған. Мемлекетке 1 млрд 435 миллионнан астам теңге шығын келтірілген.

Министрлік өкілінің айтуынша, мемлекеттік инспекторлар браконьерлерге қарсы қару қолдана алады. Заңсыз аулайтын қылмыскерлерді ұстау немесе оларды тоқтату мақсатында қызметтік қаруды қолдану құқығы берілген. Бұл арнайы заңда көрсетілген. Үкіметтің қаулысымен бекітілген. 

Бүгінгі баспасөз конференциясында белгілі болғандай, соңғы 5 жылда Ішкі істер органдарымен 417 ақбөкенге браконьерлік және олардың мүйіздерінің заңсыз айналымы фактісі анықталып, 525 адам ұсталған.

Соның ішінде 212 қылмыстық іс сотқа жіберілді, олар бойынша 309 адам сотталды. 2193 ақбөкеннің ұшасы табылып, тәркіленді, заңсыз айналымнан 7610 мүйіз (7610 мүйіз, шамамен 3805 ақбөкен) алынып, шығын шамамен 11 млрд. 358 млн. теңгені құрады.

Браконьерлікке қатысы бар адамдардың есебін жүргізу мақсатында "ақбөкенді аңшы", яғни ақбөкенді аң аулаумен айналысатын тұлғалар; "дериваттарды өткізуші/сатып алушы" (ақбөкен дериваттарын тасымалдаумен, сақтаумен, сатумен және сатып алумен айналысатын тұлғалардың) есебі енгізілді. Бүгінгі күні бұл есепке 80-нен астам адам алынды, - деп атап өтті Мақсат Байболов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы