Министр Маралды ауылы халқының өкілдерімен кездесті

ИИДМ басшысымен кездесуге Маралды ауылы тұрғындарының атынан бір топ астаналық азамат келіп, алтын өндіретін зауыттың құрылысына байланысты мәселені түсіндіріп беруін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Марат Қарабаев азаматтардың жеке қабылдауын өткізіп жатыр. Кездесуге 50-ге жуық адам жазылды. Маралды ауылы өкілдерінің берген өтініштеріне сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі оларды кезек тәртібімен қабылдады.

Аталған мәселеге келсек, қазір «Маралиха ГРК» ЖШС «Маралды» кен орнында құрамында алтын бар кенді барлауға арналған келісімшартқа сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылының маңында қызметін жүзеге асырып келеді. Бұл келісімшарттың 2024 жылдың 16 маусымға дейін заңды күші бар.

Бұдан басқа қолданыстағы заң бойынша барлауға арналған келісімшарт 6 жыл мерзімге дейін жасалатыны белгіленген. Кен орны анықталған жағдайда жер қойнауын пайдаланушының барлауға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін оны бағалау үшін қажетті кезеңге ұзартуға хақылы. Бұл ретте бағалау жұмыстарын жүргізу мерзімдері заң жүзінде реттелмегенін ескерген жөн.

Өтініш беруші Гүлгүл Исинаның айтуынша, болашақ зауыт Маралды өзенінің жанында орналасқан. 

Бұл кейіннен жергілікті тұрғындардың денсаулығына және осы жердегі табиғи қорыққа кері әсерін тигізуі мүмкін, - деді ол

Ведомство басшысы айтқандай, аталған мәселе бойынша ИИДМ-де арнайы комиссия құрылған және шілденің екінші жартысында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жергілікті жерге барып, тексерулер жүргізілетін болады. Қандай да бір бұзушылықтар анықталып, олар уақтылы жойылмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Біріншіден, барлық құрылыс жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті болып саналады. Тиісінше, бұл жағдайда өндіру кезеңіне көшу барысында қоғамдық тыңдаулар да өткізілуі керек. Екіншіден, шілденің екінші жартысында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тексерулер жүзеге асырылады. Үшіншіден, жұмыстар экологиялық қауіпсіздіктің барлық нормасын сақтай отырып жүргізілуге тиіс. Бұл талаптарды ешкім жоққа шығармайды. Тұтастай, осы кезеңде компания тек геологиялық-барлау жұмыстарымен айналысуға тиіс, - деді Марат Кәрімжанұлы.

Осы орайда бүгінде жер қойнауын пайдаланушылардың алтын өндіруге лицензиясы жоқ екенін айта кеткен орынды. Әрмен қарай лицензияны беру тиісті кодекспен реттеледі. Демек экологиялық заңнамаға сәйкес өндіру кезеңіне көшу үшін қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша осы күнге дейін проблемалық мәселелерді шешу үшін ауыл тұрғындарымен 15-тен астам кездесу және 6 қоғамдық тыңдау өткізілді. Айта кетейік, 2023 жылдың маусымынан бастап барлау әрекетінің соңына дейін (маусым, 2024 ж.) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс жүргізу қарастырылмаған.

Тұтастай алғанда, аталған фабриканың құрылысы жергілікті тұрғындардың қатысуымен болатын қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары бойынша және құзыретті органдардың рұқсатына сәйкес оң нәтиже алынғаннан кейін ғана іске асырылатынын атап өткен абзал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы