2 Қараша 2026, 16:10 Фото: depositphotos.com

Министр: Елімізде жел мен күн электр станциялары көбейеді

Жыл басынан бері жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5 пайызға жетіп, 2035 жылға дейін 8,4 ГВт жаңа қуат іске қосу жоспарланып отыр.

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға басымдық беріп отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысында электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5 пайызға жетті. Ал жоспарлы нысаналы көрсеткіш 7 пайыз болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңартылатын энергетика секторы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Энергетика министрлігі ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясының көлемін ұлғайтуға және саланы одан әрі дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр.

Бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі – күн энергетикасын дамыту. Жобаларды іске асыру ашық аукциондар арқылы да, халықаралық стратегиялық инвесторлармен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде де жүргізіледі.

Басым бағыттардың бірі – күн энергетикасын дамыту. Осы бағыт аясында жалпы қуаты 900 МВт болатын ірі күн электр станциялары жобаларының пулы қалыптастырылды, – деді Ерлан Ақкенженов.

Жалпы, 2035 жылдың соңына дейін жаңартылатын энергия көздерінің кемінде 8,4 ГВт жаңа қуатын іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде шамамен 1,8 ГВт күн генерациясына тиесілі болады.

Министрлік ірі энергетикалық жобалармен қатар, шағын тарату генерациясын дамытуға да көңіл бөліп отыр. Бұл бағыт жеке тұлғаларды, бизнес субъектілері мен кәсіпорындарды нетто-тұтынушы форматына тартуды көздейді.

Яғни электр энергиясын өндіруге арналған шағын қондырғыларды тек ірі энергетикалық компаниялар ғана емес, жеке тұтынушылар мен кәсіпкерлер де пайдалана алады.

Ірі жобалармен қатар, жеке тұлғалар үшін де, бизнес субъектілері мен кәсіпорындар үшін де нетто-тұтынушылар форматында шағын тарату генерациясын дамытуға ынталандыру шараларын қабылдап жатырмыз. Қабылданған заңнамалық түзетулердің арқасында мұндай қондырғылардың қуаты 2024 жылмен салыстырғанда бес есеге өсті, – деді ведомство басшысы.

Осылайша, жаңартылатын энергетиканы дамыту тек ауқымды күн және басқа да электр станцияларын салумен шектелмейді. Шағын генерация көздерін көбейту де елдің энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға бағытталған.

Дегенмен жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырумен қатар, энергия жүйесінің тұрақтылығы мен икемділігін қамтамасыз ету мәселесі де маңызды.

Өйткені ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясын тиімді пайдалану үшін оны жинақтау және қажет кезде жүйеге беру мүмкіндігі болуы керек. Осыған байланысты электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін одан әрі арттыру энергия жүйесінің икемділігі мен орнықтылығын дамытуды талап етеді. Осыған байланысты электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу ерекше маңызға ие. Мұндай жүйелер жаңартылатын энергия көздерінің өндірісін тиімдірек пайдалануға және энергия жүйесін теңгерімдеуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Қазіргі уақытта баламалы энергия көздерін дамыту мәселелеріне қатысты, соның ішінде электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізудің құқықтық және экономикалық тетіктерін қалыптастыруды көздейтін заң жобасы қаралуда.

Министрдің сөзінше, бұл заңның қабылдануы жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамытуға, энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға және салаға жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосады. Энергетикалық тапшылықтың алдын алу үшін жаңа станциялар салынады.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан электр энергиясын өндіруді арттырады