Министр Цой қашан екпе салдырады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілші. Бұл сауалға бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жауап берді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда жасалған екпені салдыратынын бұған дейін де бірнеше рет айтты. Қазақстанда жасалатын екпенің барлық клиникалық зерттеуден өтті деген есебі сәуірдің аяғында министрлікке келіп түсуі керек. Сол есеп қабылданғаннан кейін тиімділігі мен қауіпсіздігі дұрыс болған жағдайда министр халық алдына шығып, екпе алады, - деді ол.
Оның айтуынша, министр осы арқылы отандық екпенің қауіпсіз, тиімді екенін көрсеткісі келеді.
Айта кетейік, бұған дейін министр Цой Қазақстан бір аптадан бері «қызыл» аймақта тұрғанын мәлімдеген еді. Яғни Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл» аймақта бір айдан бері тұрса, Батыс Қазақстан облысы соңғы 20 күн бойы, Атырау облысы - соңғы 2 апта бойы, Ақтөбе және Алматы облыстары – апта бойы, Ақмола - 2 күн бойы, Қарағанды – 1 күннен бері тұр. «Сары» аймақта - Шымкент қаласы. Қалған 8 аймақ «жасыл» аймақта орналасқан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы