6 Қазан 2026, 13:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мейрамханадағы ескертуден кейін: Өскеменде полиция қызметкері жанжалдан қаза тапты

Дәмханада басталған жанжал сыртта жалғасқан. Қызметте болмаған полицейге жасалған соққы қайғылы жағдайға әкелді.

Өскемен қаласында мейрамхана маңында болған жанжал салдарынан 40 жастағы полиция қызметкері қаза тапты. Бұл деректі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берген ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні Өскемендегі дәмханалардың бірінде болған.

Оқиға кезінде 40 жастағы полиция қызметкері қызметте болмаған. Ол дәмхана келушілерінің біріне өзін дұрыс ұстамағаны үшін ескерту жасаған. Осыдан кейін ер адамдар арасында жанжал туындап, олар сыртқа шыққан.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті полиция қызметкерін итеріп, кейін басынан тепкен. Салдарынан ер адам жерге құлап, алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметінің редакцияға берген жауабында.

Жанжал кезінде араша түсуге тырысқан тағы бір азамат та дене жарақатын алған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.

Тағы оқи отырыңыз: «Эмоцияға беріліп кеттім»: Жамбылда оқушыны ұрып-соққан мұғалім қамалды 

Ақтөбеде ұйықтап жатқан баланың бетін тырнаған балабақша қызметкері тергеліп жатыр