Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасы бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылды.
Тергеу сотының 18 маусымдағы қаулысымен сотқа дейінгі тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. М. Төребаев пен М. Шерниязовқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 2 айға ұзартылды, - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Алматыда «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамалғанын жазған болатынбыз. Кейін танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды. Аталған тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған еді.
Айта кетейік, аталған іске қатысы бар деген күдікпен танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ұсталған болатын.
Кейін тергеу соты екеуіне қатысты «кепілмен босату» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Үшінші күдікті – тағы бір танымал вайнер Азимжан Саидбаевқа іздеу жарияланды. 15 сәуір күні ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қаржы пирамидасын құру ісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлім еткен еді.