Меншік құқығы, әділдік, жауаптылық: Жаңа Азаматтық кодексте не ескерілуі керек?
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде азаматтық-құқықтық жауаптылық, мүліктік құқықтарды қорғау және заңнаманың негізгі қағидаттарын жетілдіру мәселелері қалай ескерілуі керек?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл бастама қолданыстағы заңнаманы жаңғыртып қана қоймай, азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудің негізгі тетіктерін қайта қарауды көздейді. Заңгер ғалымдар жаңа Кодексте азаматтық-құқықтық жауаптылықты жетілдіруге, мүліктік құқықтарды қорғауға және жеке құқықтың іргелі қағидаттарын дамытуға басымдық беру қажеттігін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика салалары мен әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Айбар Сейдімбектің пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде азаматтық-құқықтық жауаптылық институтын жетілдіру маңызды бағыттардың бірі болуы тиіс.
Оның айтуынша, бұл институттың міндеті тек келтірілген залалды өтеумен шектелмейді. Ол бұзылған мүліктік құқықтарды қалпына келтіруге, міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге және азаматтық айналымға қатысушылардың адал әрекет етуіне ықпал етеді.
Азаматтық-құқықтық жауаптылықтың негізгі мақсаты тек келтірілген залалды өтеумен шектелмейді. Ол сонымен қатар бұзылған мүліктік құқықтарды қалпына келтіруге, міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге және азаматтық айналымға қатысушылардың адал мінез-құлқын ынталандыруға бағытталған, – дейді Айбар Сейдімбек.
Ғалым құқық қолдану практикасында жауаптылықтың туындау негіздерін анықтау, құқыққа қайшы әрекет пен келтірілген залал арасындағы себепті байланысты белгілеу мәселелері маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ өтелуге тиіс залалдың нақты мөлшерін айқындау да назардан тыс қалмауы керек.
Құқық қолдану практикасында жауаптылықтың туындау негіздерін айқындау, құқыққа қайшы әрекет пен туындаған залал арасындағы себепті байланысты анықтау, сондай-ақ өтелуге жататын залал мөлшерін белгілеу мәселелері ерекше маңызға ие, – деп түсіндірді ол.
Айбар Сейдімбек шарттық міндеттемелер бұзылған жағдайларға да тоқталды. Оның сөзінше, мұндай кезде міндеттеменің орындалмағанын анықтау жеткіліксіз. Құқық бұзушылықтың сипаты, екінші тарап үшін туындаған салдар және жауаптылықтан босатудың заңда көзделген негіздері қатар ескерілуі қажет.
Осыған байланысты жаңа Кодексті әзірлеу кезінде залалды өтеу, тұрақсыздық айыбын қолдану, зиянды өтеу және шарттық әрі шарттан тыс жауаптылықтың арақатынасы мәселелерін кешенді түрде талдау орынды, – дейді сарапшы.
Ал ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика салалары мен әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Әйгерім Досанова жаңа Кодексті әзірлеу кезінде азаматтық заңнаманың тұжырымдамалық негіздерін жаңартуға басымдық беру қажет деп есептейді.
Оның пікірінше, қазіргі қоғамдық және экономикалық қатынастардың даму үрдістері жекелеген құқықтық нормаларды өзгертумен шектелмей, азаматтық-құқықтық реттеуді тұтас қайта қарауды талап етеді.
Жаңа Кодексті әзірлеу барысында жекелеген құқықтық нормаларды жаңартумен ғана шектелмей, азаматтық-құқықтық реттеудің іргелі қағидаттарын одан әрі дамытуға басымдық берілуі тиіс, – дейді Әйгерім Досанова.
Ғалым азаматтық құқық қатынастарының негізін құрайтын бірнеше маңызды қағидатты атады. Олардың қатарында қатысушылардың теңдігі, меншікке қол сұғылмаушылық, шарт еркіндігі, жеке істерге озбырлықпен араласуға жол бермеу және азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру бар.
Оның айтуынша, бұл қағидаттар жеке құқық жүйесінің негізін қалыптастырады. Алайда олардың заңнамада бекітілуімен қатар, іс жүзінде тиімді жүзеге асырылуы да маңызды.
Аталған қағидаттар жеке құқық жүйесінің негізін құрайды және азаматтық-құқықтық институттардың мазмұнын айқындайды. Сонымен қатар олардың іс жүзінде тиімді іске асырылуы заңнамалық нормалардың өзара үйлесімділігі мен құқық қолдану практикасының бірізділігін талап етеді, – деп атап өтті ол.
Әйгерім Досанова адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарын одан әрі дамытудың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, бұл ұстанымдар азаматтық айналымға қатысушылардың мінез-құлқын бағалауда, міндеттемелерді орындауда және мүліктік дауларды шешуде ерекше рөл атқарады.
Сондықтан жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде жекелеген нормалардың қазіргі заман талаптарына сәйкестігімен қатар, азаматтық-құқықтық реттеудің тұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету маңызды, – дейді заң ғылымдарының кандидаты.
Сарапшылар жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуде азаматтық-құқықтық жауаптылық тетіктерін жетілдірумен қатар, жеке құқықтың негізгі қағидаттарын жүйелі түрде дамыту қажеттігін алға тартады. Олардың пікірінше, заңнаманың жаңаруы азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігіне және құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігіне ықпал етуі тиіс.
Тағы оқи отырыңыз: Азаматтық кодексті жаңарту – құқықтық жүйені жетілдірудің маңызды қадамы
Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс әзірленеді: Азаматтар мен кәсіпкерлер үшін не жаңарады?