Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар толық анықталып, жауапқа тартылуы қажет – Қазыбек Иса
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Бұған дейін депутат әлеуметтік желілерде жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келіп жатқанын айтты.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты Бас прокуратураға бірнеше рет хат жазған.
Сонымен бірге арыздар көбейгендіктен, Президент жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілдіктің арнайы топтарына жергілікті мәслихат депутаттарын қосуды ұсындық.
Айта кету керек, осы уәкілдіктің Азаптаулардың алдын алудың ұлттық тетігі құрамын кеңейту керек. Өйткені кей өңірлерде 4-5 адамнан артпайды. Бұлар әр қаладағы тұтқында ұстау мекемелерін араласа, бір адамнан да жетпейді. «Ақ жол» партиясы өздерінің қосатын адамдарының тізімін дайындап қойды. Біз тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап етеміз! – деп айтты Қазыбек Иса өз сауалында.
Оның сөзінше, ереуілден кейін елде болып жатқан адам құқын аяққа таптау мәселелеріне Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де баса назар аударып, бұны «арандатушылық» деп бағалап, қоғамдық комиссиялар құруды қолдады. Қазір бірнеше қоғамдық комиссиялар құрылып, алды іске кірісіп жатыр. Айтуынша, халықтық бақылау ғана заңсыздықтың жолын кесуге зор үлес қосады.
Жоғарыда аталған мәселелерді негізге ала отырып, «Ақ жол» бірнеше ұсыныс айтты:
1. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар толық анықталып, жауапқа тартылуы қажет.
2. Шабуыл жасаған бүлікшілер мен бейбіт шерушілерді екі бөлек қарастыру керек.
3. Тергеуді заң жолымен әділ өткізу керек: қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, адвокаттарға жол ашылуы тиіс. Жаралыларды ауруханаларға жатқызу қажет.
4. Адам құқы мен бостандықтары сақталып, тергеудің әділ де ашық өтуін тексеру үшін Адам құқы жөніндегі уәкілдігі жанынан комиссиялар құрып, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу керек.
5. Халықтан түсетін ақпараттар бойынша адам құқықтарын қорғау жұмыстары нәтижелері ашық жариялануы тиіс.
6. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек.