Мемлекеттік тіл – қызмет тілі. Полицейлер қазақ тілін қалай үйреніп жүр?
Мемлекеттік тіл – қызмет тілі. Осы ретте Павлодар облысы Полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы Жанар Абылқайыровамен сұхбаттасқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Әңгіме барысында ол департаментте қазақ тілінің қолданыс аясы қандай жолға қойылғанын, тілдің мәртебесін көтеру үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтып берді.
- Жанар Айтжанқызы, ІІО-дағы мемлекеттік тілдің бүгінгі тынысына тоқталсаңыз?
- Біздің департаментте іс қағаздарды сауатты жүргізу - тілді дамытудың ең өзекті мәселелерінің бірі. Солтүстік өңір болғандықтан өзге ұлт өкілдері де аз емес. Сондықтан департаментке арыз-өтініштер ресми тілде жиі түседі. Сол себепті тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесін басты назарда ұстаймыз.
- Департаментіңізде тіл мәселесі қалай жолға қойылған?
- Полиция департаментінде мемлекеттік тіл мәселесімен айланысатын 3 маман бар. Барлық құжатты облыстық аппараттағы қызметкерлер екі тілде әзірлеп, бізге редакциялық сараптама жасау үшін әкеледі. Сараптама сүзгісінен өткен құжаттарға ғана «тексерілді» деген мөртаңба қойылып, одан әрі мемлекеттік органдар мен жеке, заңды тұлғаларға жіберіледі.
Бүгінде департаментімізде аппарат және жедел кеңестер аптасына 3 рет екі тілде өткізіліп жүр. Ал селекторлық кеңестерді тек қана мемлекеттік тілде өткізуді дәстүрге айналдырып жүрміз. Жеке құрамға қазақ тілі сабақтары жүргізіліп тұрады.
- Сіздерде қызмет ететін өзге ұлт өкілдерінің тілді меңгеруде мәселелер туындай ма?
- Өзге ұлт өкілдерінің арасында тілді дамытумен қатар, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында мемлекеттік, ұлттық мерекелер қарсаңында әртүрлі тәлімдік шаралар жүргіземіз. Мысалы, Наурыз мейрамы, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні, Тілдер күні, Құрбан айт мерекелері кезінде флешмобтар, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар сияқты мәдени іс-шараларды ұйымдастырдық.
Осындай жұмыс барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде де жүргізіледі. Алайда, өкінішке қарай, 2021 жылы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді қысқарта бастаған кезде, бірнеше аудандағы жетекші мамандар қысқартылып қалды. Павлодар, Екібастұз қалалары мен Тереңкөл, Ертіс, Успен аудандарында ғана тіл мамандарын сақтап қала алдық.
- Қызметкерлердің тілді оқып, үйренуіне қандай жағдай жасалған? Тіл мамандары жеткілікті ме?
- Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі.
Әдеттегідей биыл да 2022 оқу жылы мемлекеттік сатып алу негізінде қызметкерлерді «Казтест» жүйесі және латын әліпбиі бойынша оқыту үшін конкурс жарияланды. Бүгінде тендерді жеңіп алған «DOSTAR EDU» оқу орталығымен келісімшарт жасалды, бірақ қызметкерлерге сабақ беретін мұғалімдерді өзіміз таңдаймыз. Қызметкерлерді оқытуға бюджеттен 1,5 млн жуық ақша бөлінді.
Бізде Павлодар қаласындағы «Торайғыров университетінің» ғалымдары мен профессорлары жұмысқа тартылды. Атап айтқанда, филология ғылымының кандидаты, кафедра меңгерушісі А. Зейнуллина мен филология ғылымының магистрлері Б. Қожахметова, А. Ташекова сияқты білікті мамандар біздің қызметкерлерге дәріс береді. Курсқа 200 қызметкер тартылды. Олар тестілеу арқылы А1, А2, В1, В2, С1 білім деңгейіне қарай 12 топқа бөлінді.
Сабақтар әр топқа аптасына екі реттен өтіп жатыр, оффлайн және онлайн форматта, бір өзіндік жұмыс сабағы түрінде ұйымдастырылып тұрады.
Онлайн сабақтар ZOOM, Whatsapp арқылы «SOYLETUBE» онлайн қазақ тілі арнасы, «Til-Qazyna» tilgural.kz, kaz-tili.kz онлайн курсының мобильдік қосымшаларын қолданумен өткізіледі. Бұл өз кезегінде қызметкерлерге әсіресе тергеушілер мен жедел уәкілдерге ыңғайлы. Себебі көбінесе олар кабинеттерінде отырмайды, сыртта жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілдері арнайы бағдаламалармен оқытылады. Сабаққа жүйелі қатысып, тілді меңгеруге тырысып, іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізетін өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатында жыл сайын Тіл мерекесі қарсаңында марапатқа ұсынылады.
- Тілді оқытуда қандай жаңа технологияларды қолданасыздар?
- Біздің мұғалімдер сабақтарда «Қазақ тілі» оқулығын (автор А. Амангелді), Қазақ тілі қарапайым деңгейге, орта деңгейге, жоғары деңгейге арналған оқулықтарды, «Қазтест» оқу жүйесінің бағдарламаларын қолданады. Оффлайн және онлайн сабақтарында алған тапсырмаларды қызметкерлер Whatsapp арқылы жазбаша түрде орындап, мұғалімдерге жіберіп отырады. Оқыту бағдарламасы аяқталған кезде емтихан қабылданып, оның нәтижесі бойынша сертификаттар табысталады.
- Полиция қызметкерлерінің тілді меңгеруі қандай деңгейде? Атап айтқанда, полиция қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас, хат алмасу барысында мемлекеттік тілдің үлесіне тоқталсаңыз.
- Жоғарыда айтып өткенімдей, қызметкерлер қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, құжаттарды өздігінен екі тілде жасайды. Алайда Тергеу басқармасының қызметкерлері қылмыстық істерді өтініш келіп түскен тілде жүргізеді. Арыз-өтініштердің көбі ресми тілде болғандықтан, қылмыстық істер де сол тілде жүргізіледі.
Жалпы облыс бойынша ішкі істер органдары арасындағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 90-91%.
Жыл сайын ІІО қызметкерлері 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтеді. Былтыр пандемияға байланысты Полиция департаментінің аппараты бойынша 185 адам ғана өтсе, биыл қазан айындағы тестілеуге мыңға жуық қызметкерді өткізуді жоспарлап отырмыз. Тізімге барлық қалалық және аудандық полиция бөліністері мен Департамент аппаратының қызметкерлері кірді.
- Жанар Айтжанқызы, жақында павлодарлық полицейлер Көкшетау қаласында өткен «Парасатты полицей» республикалық байқауында жеңімпаз атанды, бұл конкурсқа дайындық жұмыстары қалай жүргізілді?
- Қыркүйек айында Көкшетау қаласында дәстүрге айналған ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өтетін республикалық «Парасатты полицей» байқауында павлодарлық «Сарыарқа сақшылары» командасы жүлделі 3 орынға ие болды. Ол жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген ІІО қызметкерлері бар өнерлерін ортаға салды.
«Парасатты полицей» байқауы алдында Полиция департаментінде жыл сайын әр қалалық және аудандық полиция бөліністерінен өнерлі, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін іріктеп алып, дайындық жұмыстарын бастаймыз. Жыл сайын «Сарыарқа сақшылары» командасы талапты қыз-жігіттермен толықсып тұрады, жаңа идеяларды іздейміз. Осы дәстүрлі байқауға дайындық кезінде үнемі шығармалық ізденіс үстінде боламыз.
Байқаудың шарты бойынша командалардан 2 турдан да сүрінбей өту қажет еді. Біріншісі «таныстыру» болса, екіншісі сахналық көрініс еді. Сценарийді команда мүшелерімен бірге дайындаймыз. Сонымен қатар сценарийді жазуға Ертіс өңірінің айтыскер ақындары Аспанбек Шұғатаев пен Қуаныш Шармановты, журналист, әрі ақын Бейбіт Бөженді тарттық. Команда мүшелерінің актерлік шеберлігін шындау үшін Ж. Аймауытов атындағы музыка-драма театрының әртістерін де дәріс алдық. Олар жігіттерді рөлдерін әдемі ойнауға үйретеді.
2012 жылы өткен «Парасатты полицей» байқауында командамыз «Гран-приге» ие болған еді. Одан кейін де жүлделі орындар мен номинациялар алып жүрдік.
- «Қазақ тілінің тағдыры – қолымызда, обалы мойнымызда» деп тыным таппай осы салада табан аудармай 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келесіз. Қызметіңіздің қыр-сырымен бөліссеңіз? Полициядағы қызметіңіз қалай басталды?
- Мен ішкі істер органындағы қызметімді 1999 жылы АП-162/1 мекемесінде аудармашы болып бастадым. 2000 жылдың қыркүйек айында Павлодар қаласында алғашқы даярлық училищесінде 3 ай оқып, «ішкі істер лейтенанты» атағын алдым. Училищені аяқтағаннан кейін Павлодар облысы Ішкі істер басқармасының мемлекеттік тілді дамыту тобының инспекторы болып тағайындалдым. Сол уақыттан бері бөліміміздің атауы өзгергенімен, функционалдық міндетіміз өзгерген жоқ. Қазіргі таңда осы ішкі істер саласындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамытуға бар күш-жігерімді салып келемін.
Қазіргі кезбен сол кезді салысыруға болмайды әрине, себебі 2000 жылдың бас кездерінде біз тек аударма жұмысымен айналыстық, ал 2007 жылы облыс бойынша барлық мемлекеттік орган іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшірді. Сол уақыттан бері біздің бөлім аудармамен емес, тек редакциялық сараптамамен айналысады.
2018 жылғы қаңтар айында «полиция майоры» атағымен зейнетке шықтым. Зейнетке шықсам да бүгінгі күні осы салада мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыру мақсатында, оның сапасын жетілдіру үшін атсалысып жатырмын.
Ынта болса, алынбайтын қамал жоқ, қазіргі кезде ана тіліміздің беделін көтеріп, күнделікті қолданыста дұрыс сөйлеп, іс-құжаттарының сауатты толтырылуына өзіміз ықпал жасауымыз керек.
Сонымен қатар тілімізге сұраныс болса, өткізілетін барлық іс-шара, жиналыс, дөңгелек үстел, семинар қазақ тілінде жиі өткізіліп отырылса, мемлекеттік тілдің үстемі көтерілетініне сенемін.
- Жанар Айтжанқызы, әңгімеңізге рахмет!