Мемлекет барынша қатаң жаза қолдануы тиіс – Депутат шахтадағы апат туралы
Бұл туралы Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өте қайғылы жағдай, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жерде мемлекет барынша қатаң шаралар қолдануы тиіс. Өйткені қылмыстық тексерісті қозғау мен жүргізуге барлық негіздер бар. Біздің заңнаманы сақтауы үшін аталған компанияның басшылары мен құрылтайшыларына талап қою керек. Санкциялар да осы тұрғыда қатаңдатылуы тиіс, - деп атап өтті депутат Сенаттың кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Айтуынша, шахтадағы қауіпсіздік техникасы мен жұмыстың сәйкес талаптарын қамтамасыз етуге қатысты шаралар қолдану қажет.
Біз олардың кәсіпорынның күйі мен ондағы жұмыс жағдайын заманауи талаптарға сәйкестендіруін қамтамасыз етуіміз қажет. Қауіпсіздік техникасы – кәсіпорынның инвесторлары мен басшылығына біздің ең басты талаптарымыздың бірі, - деді Қайрат Қожамжаров.
Бұған дейін сенатор шахтадағы қайғылы жағдайға байланысты прокуратураның әрекетіне қатысты пікір білдірген болатын.
Сәйкес шара қолдану үшін барлық заңдық талап тар бар. Бұл жерде қылмыстық жауапкершілік қана емес, лауазымды тұлғалардың деңгейі мен олардың атқарымдық жауапкершілігіне байланысты материалдық жауапкершілік те қарастырылған, - деді Қайрат Қожамжаров.
Еске сала кетейік, бүгін түнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтада апат болған еді. Салдарынан 5 адам қаза болды.