"Мемлекет асырауға міндетті емес": Бектенов еңбекке қабілетті азаматтар туралы айтты
Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов көтерген бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесіне жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Бектеновтің айтуынша, алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет қалыптастыру кезінде базалық шығыстардың үлесі 15%-дан 12%-ға қысқартылған. Соған қарамастан, әлеуметтік сала бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Оның сөзінше, әлеуметтік төлемдер мен әртүрлі қолдау шаралары мемлекеттік бюджеттің шамамен 60%-ын құрайды.
Республикалық бюджетте бұл шығыстар ұзақ уақыт бойы 40%-дан жоғары болды. Үш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде осы көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, бірақ әлі де үлкен жұмыс бар. Бұл бағыттағы шараларды жалғастырамыз. Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды тек объективті себептермен еңбек етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алады. Жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі тиіс. Оны мемлекет асырамайды және асырамайтын да болады, – деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бүгін Сенатта алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет қаралды.