Бүгiн 2026, 16:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мектептерде БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін

Оқу-ағарту министрлігі кей сыныптарда дәстүрлі бақылау жұмыстарына қайта оралуды қарастырып жатыр.

Қазақстанда кей сыныптар үшін БЖБ мен ТЖБ жүйесінен кезең-кезеңімен бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе жан-жақты талдауды қажет етеді, өйткені критериалды бағалау жүйесі мемлекеттік білім беру стандартына енгізілген.

Сонымен қатар ведомство 2025-2026 оқу жылы бойынша 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі БЖБ мен ТЖБ жүйесіне талдау жүргізген. 

Министр қазіргі таңда білім беру жүйесіне диктант, шығарма және мазмұндама секілді дәстүрлі бақылау жұмыстары қайта енгізіліп жатқанын айтты.

Сондықтан біртіндеп БЖБ мен ТЖБ-дан бас тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл үшін бізге нақты негіздеме мен жан-жақты аналитика қажет, – деді министр.

Оның сөзінше, әзірге нақты шешім қабылданбаған. Министрлік қазіргі бағалау жүйесінің тиімділігіне қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты мектептерде оқушылардың ұялы телефон пайдалануына толық тыйым салу мәселесін көтерген еді.

Содан кейін мектептерде смартфонды қолдануға шектеу енгізілетіні айтылды